Фейк: «Билл Гейтс жаңа пандемияны жоспарлап қойған»
Telegram чаттарында Билл Гейтстің жаңа пандемияны жоспарлағаны туралы жазылуда. Ол мұны 2022 жылдың 23 қазанында жария жасаған екен. Мұның бәрі жалған.
Іс жүзінде 2022 жылғы 23 қазанда пандемиялық оқу-жаттығулар өтті. Оларды Билл және Мелинда Гейтс қорының қолдауымен Джонс Хопкинс Университеті ұйымдастырды. Сондай-ақ іс-шараға Сенегал, Руанда, Нигерия, Ангола, Либерия, Сингапур, Үндістан, Германия және басқа елдердің денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері шақырылды. Қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы түрлі қауіптердің даму сценарийлерін және олардың алдын алу нұсқаларын пысықтады.
Мұндай оқу-жаттығулар бұған дейін де ұйымдастырылып келді және нақты пандемияны жоспарлау шаралары болып табылмайды. Осындай іс-шаралар бірнеше рет өткізілді және олардың ешқайсысының сценарийі жүзеге асқан жоқ. Мысалы, 2001 жылы «Қараңғы қыс» жаттығулары өтті, оның сценарийі бойынша әлемде биотеррорлық шабуылдан туындаған шешек індеті басталды. 2005 жылы трансатлантикалық биотеррорлық шабуыл модельденген «Атлантикалық дауыл» жаттығулары болды. 2015 жылы өткен «Клэйд-Икс» оқу-жаттығуының сценарийі бойынша әлем қарсы тұратын дәрі-дәрмек болмаған белгісіз вирусқа тап болды.
2019 жылдың қазан айында Джонс Хопкинс университеті «Оқиға 201» симуляциясын өткізді. Сценарий бойынша әлемде коронавирустық пандемия жайлады. Конспирологтар өз теорияларын нақ осы фактіге негіздейді, олардың пайымдауынша, пандемиялық оқу-жаттығулар – бұл нақты пандемияны жоспарлау. Ал, «Оқиға 201» сценарийі COVID-19 жағдайында орын алған оқиғалардан айтарлықтай ерекшеленді. Мысалы, оқу-жаттығулардың жоспарына сәйкес, вирус Бразилияда пайда болған, оны Жер халқының 90%-ы жұқтырған, сондай-ақ Sars-CoV-2-ге қарағанда әлдеқайда қауіпті және жұқпалы болған.
Қорыта айтқанда, Билл Гейтс жаңа пандемияны жоспарлаған жоқ және бұл туралы хабарламалар фейк болып табылады.