Фейк: «Австралияда жүздеген адам вакциналардан қайтыс болды»
WhatsApp-та Австралияда түсірілген видео тарады. Кадрларда COVID-19 қарсы вакцинациядан қайтыс болды деген адамдардың көшеде орнатылған портреттері көрсетілген. Бұл рас па? Анықтайық.
Таралған видеода портреттерде бейнеленген адамдардың бет-әлпеті де, есімдері де көрінбейді. Демек, олардың шынымен қайтыс болғанын, бұған вакцинация себеп болды ма, оны білу мүмкін емес.
Алайда, Австралияда жүздеген адамның вакцинадан көз жұмғаны туралы мәлімдемелерді ресми деректерге сүйене отырып тексеруге болады. Вакциналар туралы толық ақпарат Австралия Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында жарияланған. Оған сәйкес, ел тұрғындары барлығы 65 492,360 доза вакцина алған. Оның ішінде 5,552,682-і – бұл препараттың 4 дозасымен егілген 16 жастан асқан адамдар.
Сонымен қатар сайтта Pfizer вакцинасының өлімге әкелетіні немесе жүздеген австралиялықтың өліміне себеп болғандығы туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Австралиялық терапевтік тауарлар әкімшілігінің (TGA) дәрі-дәрмек сапасына арналған сайтында елде COVID-19 пандемиясының барлық кезеңінде КВИ-ге қарсы вакцинациямен байланысты болуы мүмкін 14 өлім ғана тіркелгені жазылған. Барлық жағдайлар 21 мен 80 жас аралығындағы адамдар арасында болды. Балалар немесе жасөспірімдер арасында өлім тіркелмеген.
Яғни, жүздеген адамның өлімі туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды және асыра айтылған.