Манипуляция

Манипуляция: «Альберт Бурла пандемия тек «дайындық» болды деп мәлімдеді»

Танымал Telegram чаттарында Pfizer компаниясының бас директоры Альберт Бурланың дәйексөзі келтірілген ақпарат тарады. Ол «қуанышты күндер әлі алда», ал пандемия дайындық болды деп мәлімдеген екен. Бұл сөздер нені білдіретінін түсіндіріп өтейік.

Тараған дәйексөз контекстен үзіп алынған. Бұл ретте кейбір қолданушылар Альберт Бурланың сөздері миллиондаған адамның ауыруы мен өлімінен пайда табудың қуанышы деп түсіндіруде. Шындығында, ол басқаны меңзеген еді.
«Қуанышты күндер» туралы айтқаннан кейін Альберт Бурла компанияның дәрі-дәрмектің рекордтық мөлшерін шығару арқылы адамдарға көмек көрсетуді қамтамасыз еткенін түсіндірді. Оның болашаққа деген үмітіне келетін болсақ, ол 2023 және 2024 жылдары Pfizer 19 жаңа өнім шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. 
Сондай-ақ таралған видео үзіндісінде Бурланың болашақта компания қатерлі ісікке және басқа да көптеген ауруларға қарсы дәрі-дәрмек жасаумен тығыз айналысады деп айтқаны естіледі. Сонымен қатар ол «дайындық» туралы айта келе, компанияның барлық ресурстарын бір аурумен күресу және мүмкін емес болып көрінген жайтты жүзеге асыру үшін тез жұмылуға болатынын түсіндірді.
Демек, «Pfizer-дің қуанышты күндері әлі алда» деген тіркес пандемия кезінде миллиондаған адамның жақындарынан айырылғанына қуануды және жаңа аса қауіпті аурудың болатынын білдірмейді. Компанияның бас директоры пандемия оларды тез және тиімді жұмыс істеуге үйретті, ал жаңа жобалар көптеген ауруларға қарсы дәрі-дәрмек жасауға мүмкіндік береді деп айтты.
Олай болса, таралған ақпарат манипуляция болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button