Фейк: «Ультрадыбыстық зерттеу ДНҚ-дағы кейбір ақпаратты өшіреді»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары псевдоғалым Петр Гаряевтің тағы бір теориясын таратуда. Бұл жолы гипотезада ультрадыбыстық зерттеу ДНҚ-дағы кейбір ақпаратты өшіру арқылы адамдарға зиян тигізеді делінген. Бұл жалған.
Петр Гаряев – белгілі псевдоғалым, толқындық геном, вирустың толқындар арқылы берілуі, сау жасушаларды зақымданған жасушаларға проекциялау және т.б. ғылымға қарсы теориялардың авторы.
Оның теорияларына сенуге негіз жоқ. Ультрадыбыстық зерттеу технологиясы диагностикалауда жиырма жылдан астам уақыттан бері сәтті қолданылып келеді және осы уақыт ішінде өзін тиімді және қауіпсіз әдіс ретінде көрсетті.
Ультрадыбыс тіндерді аздап қыздырып, дене сұйықтықтарында газдардың аздап жиналуына сеп болатыны белгілі. Бұл құбылыстардың ұзақ мерзімді әсері әлі белгісіз.
Сондай-ақ ультрадыбыстың ДНҚ-ға әсері туралы зерттеулер бар, бірақ онда диагностикалау үшін әдеттегі ультрадыбыстық зерттеу аппараттарында қолданылмайтын өте төмен жиіліктер туралы жазылған.
Ультрадыбыстың ДНҚ-ға әсері туралы зерттеулер адамдарда мүлдем жүргізілмеген. Ультрадыбыстың балық, жануарлар тіндеріне және жасушаларға әсері туралы мәліметтер бар. Барлық жағдайларда жасушаларға тікелей, өте төмен жиілікте және өте қарқынды әсер етілді. Яғни, тәжірибелердің шарттары стандартты ультрадыбыстық зерттеуге ұқсамаған.
Яғни, ультрадыбыстық зерттеудің адамның ДНҚ-сына зиянды әсері туралы қорытынды ерте жасалған және негізсіз болып табылады. Сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеу ДНҚ-дағы қандай да бір ақпаратты өшіретінін растайтына ғылыми дәлелдер жоқ.
Демек, таратылған мәлімдеме – фейк.