Медициналық фейктер

Фейк: «Парацетамол аутизм тудырады және бауыр трансплантаттауға әкеледі»

Әлеуметтік желілерде пайдаланушылар парацетамол балаларда психикалық және неврологиялық бұзылыстар тудырады деген жарияланымды талқылауда. Сонымен қатар, бұл препарат АҚШ-та бауыр трансплантаттаудың ең көп тараған себебі болып табылады. Ақпаратты тексерейік.

Парацетамол көптеген елдерде ауырсынуды басатын дәрі ретінде қолданылады. Препарат қызуды түсіріп, бас, тіс, операциядан кейінгі, тірек-қимыл аппараты және басқа да жеңіл және орташа ауырсынуды басады. Оны жүктілік кезінде де қабылдауға болады. Дәрі рецептісіз сатылады. Өндірушілер парацетомол ауырсынуды емдемейді, жай белгілерін басады деп ескертеді. Қолдану кезіндегі жанама әсерлердің ішінде жүректің айнуы мен іш ауыруы бар. Артық мөлшерде қабылдау бауырдың зақымдалуына әкеледі, бұл өлімге апарады. АҚШ-та, Жапонияда және басқа да бірқатар елдерде парацетамолдың қабылданған атауы – ацетаминофен.

2016 жылы Испанияның әртүрлі ғылыми-зерттеу медициналық мекемелерінің ғалымдары жүктілік кезінде парацетомол қабылдау баланың жүйке жүйесінің дамуына қалай әсер еткені туралы зерттеу жариялады. Іріктеу 1 жастан 5 жасқа дейінгі балаларда жүргізілді. 2 мыңнан астам ана мен бала жұбы бағаланды. Зерттеу авторлары парацетамол балалардың гипербелсенділігіне (СДВГ) әсер етуі және ұлдарда аутизм белгілерін (АСБ) күшейтуі ықтимал деген қорытындыға келді.

Растайтын деректер ретінде аналарға сауалнама жүргізілді. Бірақ парацетамолдың қандай дозасын қабылдағанын бәрі бірдей есіне түсіре алмады. Мұндай себеп-салдар байланысы 50-ден астам ғалымда бірқатар сұрақтар туғызды. Жүктілік кезінде темекі шегу сияқты басқа қауіпті факторлар да ескерілмеген. Ең бастысы, зерттеушілер балаларда аутизм мен СДВГ белгілерін нақты парацетамол тудырғанын дәлелдей алмады.

Осы тақырыптағы жарияланымдарды зерттегеннен кейін, америкалық акушер-гинекологтар колледжі 2021 жылы мынадай мәлімдеме жасады: жүкті әйелдердің парацетамол қабылдауы мен баланың дамуындағы проблемалар арасындағы байланыс дәлелденбеген. 

Сонымен қатар жүкті әйел шыдайтын қызба мен ауырсыну ұрықтың миының дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Әсіресе жүктіліктің ерте кезеңінде.

Бүгінгі күнге дейін балаларда АСБ және СДВГ дамуының нақты себептері анықталмаған. Бұған тұқым қуалайтын факторлар, баланың денсаулығы және қоршаған орта әсер етуі мүмкін. Вакцинация мен аутизм арасында да ешқандай байланыс жоқ. 

Фейк ақпараттың авторы 2015 жылғы жарияланымға сүйенеді. Онда аутизм жағдайларының өсуі 1980 жылы басталды делінген. Сонда аспириннің орнына балаларға парацетомол бере бастаған. Бірақ белгісіз себептермен зерттеушілер «аутизм» диагнозының өзі 80-жылдардың басында пайда болды деп айтпайды. Бұрын ауруды балалар шизофрениясы немесе балалар психозы деп атайтын. Яғни, мақалада тек растау үшін ғана пайдалы фактілер қолданылып, қалғанын айтпай қойған.

Жоғарыда парацетамол артық мөлшерде бауырға теріс әсер ететінін жазған едік. Дәріні көп мөлшерде қасақана немесе байқаусызда қолданған кезде ол улы болуы мүмкін. Ал құрамында парацетамол бар басқа дәрілермен бірге қабылдау бауыр жеткіліксіздігіне әкеледі. Бірақ парацетомолды артық мөлшерде қабылдау бауыр трансплантаттаудың жиі кездесетін себебі емес. Бұл тақырыптағы зерттеу 2015 жылы жеті елде жүргізілген. Атап айтқанда, Италияда 60 миллион тұрғынның 3 жыл ішінде парацетамолмен улануына байланысты бір ғана бауырды трансплантаттау жасалған.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, парацетомол бауырды трансплантаттаудың жиі кездесетін себебі емес және аутизм спектрінің бұзылуын, СДВГ дамуын және балаларда басқа неврологиялық ауруларды тудырмайды

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button