Манипуляция

Күніне екі банка сыра немесе бір стақан шарап ішу деменция қаупін төмендететіні рас па?

2023 жылдың ақпанында көптеген бұқаралық ақпарат құралдары күніне екі банка сыра немесе бір стақан шарап ішу қартайған кезде де ақыл-естен айырылмауға көмектеседі деген жаңалық жариялады. Алкогольді қалыпты тұтыну деменция қаупін азайтады деген теорияны ғалымдар растаған екен. Бұл рас па? Анықтайық.


Аталған жұмыс Addiction журналында 2022 жылдың 22 тамызында жарияланды. Ол «60 жастан асқан ересектердегі алкогольді тұтыну мен деменция арасындағы байланыс: 15 халықаралық зерттеудің перспективті жеке деректерін біріктірілген талдау» деп аталады.

Ғалымдар талдауды келесідей жүргізген: олар әртүрлі елдерде жүргізілген алкогольді тұтыну мен деменцияның дамуы арасындағы байланыс тақырыбындағы 15 зерттеуді таңдап, жеке қатысушылардың деректерін салыстырған. Барлығы 60 жастан асқан 24 478 адам таңдалды, олардың анамнезінде бастапқы деңгейдегі деменция болмаған.
Мета-анализ нәтижесі «деменция қаупі бойынша арақ ішпейтін адамдар мен бұрын оған әуес болғандар арасындағы айырмашылықтарға дәлел болған жоқ» деп көрсетті. Сонымен қатар ғалымдардың тұжырымдарына сәйкес, «тәулігіне 40 г дейін алкогольді ішу өмір бойы ішпей жүргенмен салыстырғанда деменцияның даму қаупінің төмендігімен байланысты болды». Алайда, авторлар алынған нәтижелер барлық адамдарға қатысты деп мәлімдеген жоқ.
Осы тақырыптағы ғылыми жұмыстардың басқа зерттеулері мен мета-анализдері орта жаста алкогольді қалыпты тұтыну қартайған кезде деменция қаупінің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Алайда, дәл осы жұмыстарда алкогольдің көп мөлшерде ішу, керісінше, аурудың даму қаупінің жоғарылауына әкеледі делінген.
1994 жылдан 2019 жылға дейін жарияланған ғылыми еңбектердің деректерінен тұратын 2020 жылы жарияланған алкоголь мен деменцияның байланысы туралы зерттеулерге жүйелі шолуда қолда бар эпидемиологиялық дәлелдер алкогольді ішу деменциядан қорғайды деп сенімді түрде айту үшін жеткіліксіз екені айтылған. 
Бір қызығы, әртүрлі зерттеулерде алкогольдің «орташа» дозалары оның әртүрлі мөлшері болып саналады. Яғни, ғылыми қоғамдастықта алкоголь, біріншіден, деменциядан құтылуға көмектеседі деген ортақ пікір жоқ. Екіншіден, аурудың даму қаупін арттырмай, төмендететін нақты және белгіленген доза жоқ.
Демек, бұқаралық ақпарат құралдарында күніне екі банка сыраның пайдасы туралы таралған хабарламалар асыра айтылған. Бұл туралы зерттеулер бар, бірақ нақты қорытынды жасау үшін олар жеткіліксіз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button