Манипуляция

Манипуляция: «COVID-19-дан қайтыс болғандардың 92%-ы вакцинацияланғандар»

Әлеуметтік желілерде Ұлыбританияның Ұлттық статистика кеңсесінің соңғы есептерінде COVID-19-дан қайтыс болған адамдардың 92%-ы ауруға қарсы егілгендер екені көрсетілген деп жазылуда. Бұл вакциналар қауіпті және аурудан мүлдем қорғамайды дегеннің белгісі ме? Анықтайық.

Пайдаланушылар Ұлыбританияның Ұлттық статистика кеңсесінің 2021 жылғы 1 сәуір мен 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы есебіне сүйене отырып, қайтыс болған британдықтардың көпшілігі егілгендер деген қорытындыға келді. Онда COVID-19-ға байланысты өлім-жітімнің басым бөлігі ауруға қарсы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алғандар екендігі көрсетілген. 

Сондай-ақ статистикаға сүйенсек, өлім-жітімнің көп бөлігі 50 жастан асқан адамдар арасында болған. 18-ден 39-ға дейінгі топта 511 вакцинацияланбаған және 289 вакцинацияланған адам COVID-19-дан қайтыс болды. 40-49 жас аралығында көз жұмғандар арасында егілмегендер саны – 514, ал егілгендер – 481.

Мұны ғылыми тұрғыдан түсіндіруге болады. Зерттеулерге сәйкес, 35 жастан бастап COVID-19 салдарынан өлу қаупі жыл сайын ерлер үшін 9,7%-ға және әйелдер үшін 10,4%-ға ұлғаяды. Яғни, ауру жұқтырған жағдайда өлім ықтималдығы әр жеті жыл сайын екі есе артады.

Осылайша, 70 жастағы науқас үшін аталған аурудан өлу қаупі 35 жастағы науқасқа қарағанда 32 есе жоғары. Вакцинаның екі дозасының коронавирустың «дельта» нұсқасынан қорғау тиімділігі 96%, яғни өлім ықтималдығы 20 есеге азаяды. Бұл жағдайда қартаю дәл осындай ықтималдықты 32 есеге арттырады.

Яғни, 70 жастағы вакцинацияланған адам үшін COVID-19 жұқтырған жағдайда өлу ықтималдығы 35 жастағы вакцинацияланған адамға қарағанда бірнеше есе жоғары. Сонымен қатар 70 жастағы егілген науқастың өлу ықтималдығы осы жастағы егілмеген адамға қарағанда айтарлықтай төмен.

Бұл вакциналардың тиімділігін растайды және адам қартайған сайын COVID-19-дан қайтыс болу қаупі артатынын көрсетеді.

Ұлыбританияда 12 жастан асқан 10 адамның 9-ы COVID-19 қарсы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алғанын айта кеткен жөн. Яғни, вакцинацияланған адамдар саны кез келген статистикада басым болады, өйткені елде қандай да бір себептермен егілмегендерге қарағанда олар әлдеқайда көп.

Мұның бәрі COVID-19-дан қайтыс болғандардың 92%-ы вакцинацияланғандар деп көрсетілген статистика вакциналардың тиімсіздігін немесе қауіптілігін дәлелдемейтінін анық көрсетеді. Біріншіден, вакцинацияланған адамдар Ұлыбритания халқының басым бөлігін құрайды, екіншіден, 50 жастан асқан егілген адамдар арасында өлім-жітім жиірек болды, ал 49 жасқа дейінгі адамдар арасында COVID-19-дан егілмеген науқастар көп қайтыс болған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button