Конспирология

Дәлелсіз: «Дональд Трамп COVID-19-ға қарсы қауіпсіз вакциналар шығарады»

Telegram чаттарда COVID-19 қарсы вакциналардың екі түрі бар деген ақпарат тарады. Олардың бірін – қауіпсіз және тиімді екпені Дональд Трамп, ал аса қауіптісін құпия әлемдік үкімет шығарады екен. Бұған дәлел бар ма? Анықтайық.

Бүгінгі таңда әлемде COVID-19 қарсы вакцинаның 50 түрі мақұлданған. Ашық мәліметтерге сәйкес, олардың ешқайсысын Дональд Трамп немесе оған қатысты компаниялар шығармайды. Миллиардердің өзі COVID-19 қарсы вакциналар жасау ниеті немесе олардың өндірісіне қандай да бір қатысы бар екендігі жайлы айтқан емес.
Таратылған хабарламада АҚШ-тың бұрынғы президенті шығарған вакциналардың құрамы ұсынылған. Оны егжей-тегжейлі талдап көрейік. Алдымен, оның құрамында ешқандай вирустың жоқ екенін байқаймыз. Мәселе мынада, кез келген вакцинада өлтірілген немесе әлсіреген вирус немесе бактерия болуы керек. Онсыз препарат әсер бермейді. Вакцинация құрамындағы белсенді емес вирустар мен бактериялар иммундық жүйеге «жауды» тануға және антиденелер қалыптастыруға көмектеседі. Кейде вакциналарда тұтас вирустың немесе бактерияның орнына олардың жеке гендері болады. Мысалы, кейбір COVID-19 қарсы вакциналарда аурудың қоздырғышы болып табылатын SARS-CoV-2 коронавирусының S-ақуызын кодтайтын ген ғана қолданылады. Яғни, құрамында тұтас вирус немесе оның бөліктері жоқ вакцина еш әсер етпейді.
Тізімде көрсетілген «вакцинаның» бірінші компоненті – гидроксихлорохин. Бұл препаратты мамандар зерттеді. Зерттеушілер оның көмегімен емделуге немесе кем дегенде COVID-19 ағымын жеңілдетуге болатынын анықтамақ болды. Көптеген клиникалық сынақтар мен тәжірибелер нәтижесінде препараттың бұл ауруға қарсы тиімсіз екені белгілі болды. Бұған қарамастан, вакцинацияға қарсы адамдар гидроксихлорокинді COVID-19 жақсы емдейді деп санайды, ал дәлелді ғылымның ойы басқаша. 
Тізімдегі екінші ингредиент – ивермектин. Бұл ветеринарияда жиі қолданылатын паразиттерге қарсы препарат. Ол адамдарға айырықша жағдайларда ғана тағайындалады. Сондай-ақ оның COVID-19-ды емдеу қасиеті де зерттелді. Тәжірибелер ивермектинтің бұл ауруға қарсы дәрменсіз екенін көрсетті. 
Одан әрі тізімде доксициклин жазылған. Оның жоғарыда аталған екі препараттан айырмашылығы – препарат тәуекел топтағы науқастардың ауруын емдеуді жеңілдете алады. Алайда, ол үшін препаратты COVID-19 қарсы вакцинаның бір дозасынан артық мөлшерде ұдайы қабылдап отыру керек.
Тізімге мырыш та енгізілген екен. Ол COVID-19-дың алдын алуы мүмкін, бірақ ол үшін оны ерлер күн сайын 11 МГ, әйелдер 8 мг қабылдауы керек. Еске салайық, ересек адамға арналған Pfizer вакцинасының бір дозасы небәрі 0,3 мл. Сондай-ақ екпе күнде емес, кем дегенде 21 күн аралықпен екі рет қана жасалады. Үшінші, қосымша дозаны 28 күннен кейін, ал бустерлік дозаны соңғы вакцинациядан кейін бес ай өткен соң алуға болады.
Қорыта айтқанда, мұндай құрамы бар зат, біріншіден, вакцина болмайды, екіншіден, COVID-19-дан қорғай алмайды.

Басқа қауіпті вакциналарға келетін болсақ, олардың құрамы хабарламада көрсетілмеген. Оның орнына мәтінде пайдаланушыларға қол жетімсіз сілтеме ұсынылған.
COVID-19 қарсы вакциналардың нақты құрамын желіден оңай табуға болады. Онымен кез келген адам танысып, олардың қауіпсіз екендігіне көз жеткізе алады.
Сондай-ақ, таралған хабарламада «жаман» вакциналарды жасырын үкімет мүшелері немесе Deep State (терең мемлекет – англ.) шығарады делінген. Мұндай үкіметтің болуы –көп жылдан бері айтылып келе жатқан негізсіз қастандық теориясы. Яғни, ашығын айтқанда, жасырын әлемдік үкімет жоқ, демек, ол вакцина да шығармайды.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, біз талдаған хабарламаның фейк екені анық. Біріншіден, Дональд Трамп вакциналар шығарады деп ойлауға негіз жоқ. Екіншіден, хабарламада көрсетілген заттың құрамы вакцинаның құрамы емес. Ал аталған заттар COVID-19-бен күресте тиімсіз немесе вакциналар дозасынан артық мөлшерде күнделікті қабылдаған кезде ғана алдын алу құралы бола алады. Үшіншіден, COVID-19 қарсы вакциналардың құрамы баршаға қол жетімді. Онда қауіпті және құпия ештеңе жоқ. Төртіншіден, «терең мемлекет» – бұл ешқандай дәлелі жоқ қастандық теориясы. Демек, ол вакцина шығармайды.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button