Фейк: «ПТР сынақтары аса қауіпті»
Telegram арналарында ПТР талдау таяқшалары бірқатар қауіпті аурулар тудыратын канцерогенге малынған деген ақпарат тарады. Бұл бірнеше рет жоққа шығарылған ескі фейк.
Желі қолданушылары таратқан видеода ер адам ПТР талдау таяқшалары этиленоксидке малынған деп мәлімдейді. Ролик авторының айтуынша, ол құрғақ күйде қауіпсіз, бірақ зат тыныс алу жолдарына түсіп, мұрын мен тамақтың шырышты қабаттарымен байланысқа түскенде – аса қауіпті уға айналады. Бұл жалған. Неге екенін түсіндірейік.
Таза бкүйінде этилен оксиді – бұл адам денсаулығына қауіп төндіретін газ.
Алайда, адамзат 1950 жылдардан бастап оны қауіпсіз қолданудың жолын тапқан. Ол пластикалық және басқа медициналық құралдарды зарарсыздандыру үшін қолданылады.
Газбен дезинфекцияланғаннан кейін заттар мұқият өңделеді. Ол үшін құралдар азотпен және таза ауамен өңделеді, содан кейін газсыздандыру кезеңінде оларды арнайы бөлмеге қояды.
Этиленоксид көптеген елдерде медициналық құралдарды зарарсыздандыру үшін қолданылады. Мұндай процедураның стандарттары АҚШ, Австралия және Еуропаның кейбір мемлекеттерінде бар.
Қазақстанда да осындай стандарттар енгізілген. Елімізде ПТР тестілеу жиынтықтарының партияларына таңдамалы зерттеулер жүргізіледі. Оны токсикологиялық зертханаларда уәкілетті сараптама ұйымдары жүргізеді. Олар құралдарды ISO 10993-7-2016 сәйкес өнімдердегі этилен оксидінің қалдық құрамына тексереді.
Қорыта айтқанда, ПТР тестілеудің қауіптілігі туралы таратылған видео жалған. Этилен оксидімен зарарсыздандыру қауіпсіз және 70 жылға жуық уақыттан бері қолданылып келеді.