Фейк: «Жетісу облысының Сарқан ауданында суға қауіпті бактериялар қосады»
Мессенджерлерде Жетісу облысының Сарқан ауданында суға қауіпті бактериялар қосып, тұрғындар жаппай ауырып жатыр, ал жедел жәрдем дәрігерлері науқастарды қабылдап үлгермеуде деген ақпарат тарайды. Бұл жалған.
Бұл ақпаратты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды. Олардың хабарлауынша, таралған ақпарат шындыққа жанаспайды.
– Сарқан аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-193/2020 «Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылға арналған бұйрығына сәйкес, санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу шеңберінде коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімі судың микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізетінін хабарлаймыз. Соңғы зерттеулердің нәтижелері бойынша судың микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері санитарлық нормаға сәйкес келеді. Сонымен қатар уланумен аудандық ауруханаға жүгінген тұрғындар тіркелмеген, – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде арандатушылыққа бой алдырмауға және ресми ақпарат көздерінің сенімді ақпараттарына ғана сенуге шақырды.
Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.