Фейк: «ЦЕРН басқа өлшемдерге порталдар ашады»
Әлеуметтік желілер мен Telegram-чаттарда аумағында үлкен адронды коллайдер орналасқан Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) басқа өлшемдерге порталдар ашатыны туралы жазылды. Соңғы рет ол былтыр шілде айында Мексикада пайда болған екен. Мұның барлығы – ғылымға қарсы конспирологиялық теория.
Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым Женевада орналасқан және физика саласындағы заманауи зерттеулермен айналысады. Оның аумағында салынған үлкен адронды коллайдер ғалымдарға бөлшектерді жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен қозғалтуға мүмкіндік береді, нәтижесінде біздің Ғаламның пайда болуы мен құрылымы туралы негізгі сұрақтарға жауап алуға болады.
2012 жылы осы үлкен адронды коллайдердің арқасында, теориялық тұрғыдан 50 жыл бұрын Питер Хиггс негізін қалаған Хиггс бозонының бар екендігі ғылыми дәлелденді.
Үлкен адрондық коллайдер осы жылдың 5 шілдесінде қайта іске қосылды. Ол үш жыл бойы тоқтап тұрды – онда жабдықты жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілді. Коллайдер өз тарихында үшінші рет іске қосылып отыр.
Ал, қастандық теориясын жақтаушылар таратқан фотода бейнеленген портал Мексика шығанағында «ашылды» деп болжануда. Яғни, CERN орналасқан Женева қаласынан шамамен сегіз мың шақырым жерде.
Таратылған суреттерді Желіден фотоны кері іздеуге арналған жүйелерді қолдана отырып табуға болады. Онда параллель әлемдерге апаратын портал емес, Petroleos Mexicanos (Pemex) құбырында газдың ағып кетуі салдарынан Мексика шығанағында орын алған өрт бейнеленген. CERN-нің бұл жайтқа ешқандай қатысы жоқ.
Жалпы, порталдарды ашу және параллель әлемдерді зерттеу CERN жұмысының мақсатына жатпайды. Бұл жолы коллайдерді іске қосу арқылы ғалымдар «Ғалам қалай пайда болды?», «Ол неге антиматерден емес, материядан тұрады?», «Ғарыштағы «қара материя» дегеніміз не?» және «Хиггс бозонның массасы қайдан пайда болды?» деген сұрақтарға жауаптар іздейді.
Дегенмен, тұтастай алғанда, CERN және үлкен адронды коллайдер пайда болған сәттен бастап, әр түрлі қастандық теорияларының нысанына айналды. Бұған дейін Желіде CERN қызметкерлері 2016 жылы басқа өлшемдерге портал ашқан деп жазды. Snopes порталы бұл мәлімдемені жоққа шығарды.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай қорытындылар жасауға болады. Біріншіден, CERN порталдарды ашпайды, физиканың негізгі заңдылықтарын зерттейді. Екіншіден, 2021 жылы үлкен адронды коллайдер жұмыс істеген жоқ, өйткені онда жөндеу жұмыстары жүргізілді, демек ол қандай да бір өлшемге порталды ашпаған, бұл теориялық тұрғыдан да мүмкін емес. Үшіншіден, таратылған суреттерде құбырдан газ кетудің нәтижесінде пайда болған өрт бейнеленген, CERN-нің бұл оқиғаға ешқандай қатысы жоқ.