“Германияда маска таққан қыз автобуста көз жұмды” – Facebook-те фейк ақпарат таратылуда
Әлеуметтік желілерде Германияның Бухельберг қаласында 13 жастағы мектеп оқушысы автобуста бетпердемен отыруға мәжбүр болғандықтан қайтыс болды деген хабар тарады. Stopfake.kz шын мәнінде не болғанын және бұл хабарламаға неге сенуге болмайтынын анықтады.
«13 жастағы мектеп оқушысының маска тақпауына себептер болған. Дәрігерден алған тиісті анықтамасы да бар. Бірақ оны бәрібір де тұмылдырық киюге мәжбүрлеген. Нәтижесінде, автобуста маскамен отырған қыз ауырып қалды. Ол есінен танып, құлап қалды. Көп ұзамай қайтыс болды. Жедел жәрдем келді…», – деп жазады Facebook пайдаланушысы.
Хабарламаға дәлел ретінде газеттен қиып алынған фотосурет тіркелген. Әлеуметтік желідегі хабарламаның авторы «Қысқаша жазбалар» айдарында «Үкіметтің бұйрығымен өлтірілді» деп жазған. Шындығында, бұл мәлімдеме жалған. Неміс газетінде жарияланған ақпаратта мұндай сөздер жоқ.
Шын мәнінде, 7 қыркүйекте Бюхельберг қаласында (Рейнланд-Пфальц федералды жері) күндіз бақытсыз жағдай орын алды. Мектеп автобусына отырған 13 жастағы қыз есінен танып қалды. Ол жедел түрде Карлсруэдегі ауруханаға жеткізілді, бірер уақыттан кейін қайтыс болды.
Сол күні жергілікті Die Rheinpfalz газетінда бұл туралы қысқаша ақпарат жарияланды.
Газеттен қиып алған үзіндінің фотосы Facebook-ке тез тарап, көпшіліктің талқысына түсті. Әлеуметтік желі пайдаланушыларының пайымдауынша, қыздың өліміне маска себеп болған. Басылымның редакторы Ральф Виттенмейер келесі күні «Кейбір адамдар әдепсіз» («Manche Menschen haben keinen Anstand») деген тақырыпта түсініктеме жариялады.
Редакторлық мақалада барлық болжамдар жоққа шығарылып, «Адамдар әдептілік сақтамай, бұл жағдайды өз мақсаттары үшін пайдаланбақ» деп жазылған. Ол газеттің тек осындай деректің орын алғандығы туралы ғана хабарлағанын атап өтті. Оқушының қайтыс болуының себептері жайлы сөз болған жоқ. Сонымен қатар, Карлсруэ Прокуратурасы алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша қыздың неден қайтыс болғанын нақты анықталмағанын мәлімдеді. Тергеу біраз уақытқа созылады.
Сондай-ақ, Прокуратура оқушының бұған дейінгі ауруларына немесе медициналық анықтамаларға қатысты қауесеттерге түсініктеме берген жоқ. Газет редакторы өз мақаласында «Өлімнің себебін білуге тек отбасы ғана құқылы» екендігін еске салып өтті және баланың туған-туыстары мен жақындарына деген құрметпен түрлі болжамдар айтып, таратпауға үндеді.
Қыз есін жоғалтқан сәтте автобуста тағы 23 оқушы болған. Олардың ешқайсысы денсаулығына шағымданбаған. Полицияның мәліметінше, үшінші тұлғалардың немқұрайлылығының немесе қылмыстық әрекеттің де ешқандай белгілері жоқ.
Stopfake.kz қорытындысы: бүгінде мектеп оқушысының қайтыс болуна қатысты ресми ақпарат жоқ. Қыздың бетперде таққаннан қайтыс болғандығы туралы хабарламалар – пайым және дәлелсіз күдік. Газет қиындысында жазылған «Үкіметтің бұйрығымен өлтірілді» деген сөздер – фейк.