Фейк: «Австралияда бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы лазерлік қару қолданылды»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Австралия астанасы Канберрада бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы алғаш рет алыс радиустағы лазерлік қару қолданылғаны туралы жазды. Бұл өтірік.
Австралияда бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы қарудың жаңа түрін қолдану туралы хабарламалар Желіде 17 ақпанда тарады. Алайда, бұл пайдаланушылар айтқандай лазерлік немесе шағын толқынды қару емес.
Австралиялық ABC News порталының хабарлауынша, полиция LRAD жүйесінің құрылғыларын «дыбыстық қару» деп те атайды, бұл наразылық білдірушілерге зиян келтіру үшін емес, хабарлама жіберу үшін жасалған.
Алыс қашықтықта әрекет ететін акустикалық құрылғылар (LRAD) дыбыс деңгейі мен жиілігі жоғары хабарламаларды немесе сигналдарды тарату үшін қолданылады. «Лазерлік қару» туралы хабарламалармен бірге тараған Канберраның суреттерінде нақ осылар көрсетілген. Оның үстіне, LRAD бұған дейін де қолданылған. Әртүрлі елдердің полицейлері бұл технологияны көшеде көп адамдармен байланыс жасау үшін пайдаланған.
2020 жылы бұл технология Сиднейде Black Lives Matter жаппай наразылықтары кезінде қолданылды.
Теориялық тұрғыдан алғанда, мұндай құрылғылар өте қатты дыбысты қосқан кезде есту қабілетін зақымдауы мүмкін. Алайда, LRAD жүйелері үнсіз және байқаусызда зақым келтіре алмайды.
Сондай-ақ, ACT Policing өкілі «LRAD тек ауызша хабарлама жіберу үшін ғана қолданылғанын» растады.
Демек, Канберрада бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы лазерлік қару қолданылғаны туралы ақпарат фейк. Австралия полициясы LRAD жүйесі арқылы ауызша хабарламалар таратты.