Фейк: «Бельгиялық профессор адамдарды алдап, КВИ-ге қарсы вакцинациялауға мәжбүрлейтінін айтты»
Қазнетте әртүрлі елдердің үкіметтері адамдарды алдап, COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға қалай мәжбүрлейтінін айтып, әлемдік деңгейдегі қастандықты жария еткен белгілі бельгиялық профессор, вирусолог Марк Ван Рансттың сөзінен үзінді таратылуда. Профессордың сөздерінің мағынасын және олардың неге әлемдік қастандықты дәлелдемейтінін түсіндіріп өтейік.
Марк Ван Ранст – профессор, Бельгиядағы Рега институтының микробиология, иммунология және трансплантология кафедрасының меңгерушісі, клиникалық және эпидемиологиялық вирусология зертханасының меңгерушісі.
Бүгінде Қазнетте таралып отырған ғалымның «Пандемияны қалау сатуға болады» деп аталған видеосы іс жүзінде 2019 жылғы қаңтарда вирусолог Chatham House талдау орталығында сөз сөйлеген кезде түсірілген. COVID-19 пандемиясы 2020 жылғы наурызда ғана жарияланғандықтан, бұл факт Ван Рансттың ол туралы айтпағанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Chatham House-да сөйлеген сөзінде ғалым «Пандемияны қалай сатуға болатынына» қатысты кеңес берген жоқ, ол 2009 жылы елдің тұмау жөніндегі комиссары болып істегендегі тәжірибесімен бөлісті.
Ван Рансттың өзі де қастандық теориясын әшкерелеп, үкімет адамдарды алдап, оларды вакцинацияға қалай мәжбүрлейтіні жөнінде айтқандығы туралы идеяларды жоққа шығарды. Vlaams belang ультра-оңшыл флемандық партияның экс-президенті Филипп Девинтер Twitter-де жариялаған өз сөзінің контекстен үзіп алынған бөлігіне жауап ретінде Ван Ранст былай деп жазды: «Өз жақтастарыңызға адастыратын компиляцияның орнына Chatham House-тің толық бейнесін көрсеткіңіз келетін шығар. Сонда толық нұсқада мүлдем қарама-қарсы пікір айтылғанын көресіз»
Демек, Марк Ван Рансттың әлемдік қастандықты жария еткені туралы хабарламалар – фейк. Шын мәнінде, ол өз сөзінде мұндай ештеңе туралы айтқан жоқ, ал Желіде тараған видео контекстен үзіп алынған және манипуляциялық сипатқа ие.