Жалған ғылыми теорияларды қалай ажыратуға болады: басты 5 белгісі
Ғылым мен жалған ғылымның арасындағы күрес ғасырлар бойы жалғасып келеді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің дамуымен қатар ол да жаңа кезеңнен өтуде. Интернетте псевдоғылыми мақалалар, фильмдер, посттар мен оқырмандар сенетін мәлімдемелер көп.
Ғылыми теориялардың жалған екендігін анықтауға мүмкіндік беретін белгілер бар. Stopfake.kz олардың ең негізгілерін атап өтеді.
1. Авторлар мен дереккөздер
Псевдоғылыми теорияларды жақтаушылар көп жағдайда дереккөзді мүлдем көрсетпейді немесе ғылымға еш қатысы жоқ «сарапшылардың» сөзіне сілтеме жасайды. Бұл жай фриктер немесе атаулары күрделі белгісіз институттардың «академиктері» болуы мүмкін. Мүлдем басқа сала бойынша білім алған доктор да мәлімдеме авторы болады. Вирустардың таралуы туралы айтатын гинеколог немесе вакцинацияның зияны туралы ой қозғайтын химик. Қалай болғанда да, ол адамның өзінің не айтып тұрғанын жақсы түсінуі керек. Егер дереккөз ретінде беделді адамның сөздері келтірілсе, онда ол адамның шынымен солай айтқанын тексерген артық болмайды.
2. Эмоция және «ақылды» сөздер
Псевдоғылыми мақалаларда эмоционалды сөздер көп кездеседі. Олар ойдан емес, сезімнен туады және сенсациялар мен құпиялар, тыйым салынған жаңалықтар мен мұқият жасырылған шындық айтылады. Леп белгілері, қалың шрифт, бас әріптер, жапсырмаларды іліп қою, аппликация – осының барлығы оқырманды ойландыруы керек. Бірақ сендірудің мүлдем қарама-қайшы әдісі бар. Мақалада күрделі терминдер көп қолданылады. Мысалы, ферменттер, токсиндер немесе нуклеин қышқылдары туралы айтылады. Егер нақты не жайлы оқып отырғанығызды түсінбесеңіз, Google-дың көмегіне жүгініңіз. Бұл сенімді арттыру үшін күрделендірілген псевдоғылыми мәтін болуы мүмкін. Ал терминдер жиынтығы іс жүзінде мағынасыз болып шығады.
3. Дәлелдемелер мен пікірлер
Ғылыми теорияны ерекшелейтін белгі – бұл тексеру принципі. Кез келген тәжірибені бірдей нәтижемен қайталауға болады. Нақты дәлелдер әдетте ғылыми процестің көптеген кезеңдерінен өтеді. Бұл жасушалармен және жануарлармен сынақ өткізе отырып, іргелі зерттеулер жүргізу. Қатаң бақыланатын кезеңдерде ерікті пациенттермен клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Әр кезеңінде сараптамалық бағалау жасалады. Жарияланған зерттеу нәтижелеріне сілтемелер болады. Негізгі сұрақ – теория ғылыми тұрғыдан тексерілді ме? Әлде бұл адамдар сараптамалық бағалаусыз қолдайтын псевдоғылым ба?
Әсіресе, дәлелдердің орнына пікір айту және «жеке бас тәжірибесі» күдікті көрінеді. «Менің әжем бұл препаратты қабылдағаннан кейін ауырып қалды/қалпына келді», – дейді псевдоғылыми тұжырымдардың авторлары басқа дәлелдерді қажетсіз деп санап.
4. Құпия білім және сенімділік
Қастандық теорияларының ғылымға еш қатысы жоқ. «Дәрігерлер білгеніңізді қаламайды» немесе «Үкімет бұл ақпаратты жылдар бойы жасырып келеді» деген сияқты мәлімдемелер өте күмәнді. Сонымен қатар, жалған ғылым жаһандық тұжырымдамалармен егжей-тегжейлі жұмыс істемейді. Егер бір нәрсенің пайдасы немесе зияны туралы айтатын болсақ, ол бәріне бірдей болады. Нағыз ғалым ешқашан нақты айтпайды. Ғылыми жарияланымдарда әрдайым «мүмкін», «болжауға болады», «көптеген мамандар келіседі…» деген сөздер кездеседі. Жалған ғалым, керісінше, барлық күдікті атап өтіп, скептиктерді мазақ етеді. Жалған ғылыми теорияларды жақтаушылар көбінесе олардың дұрыстығына қатты сенеді және «қарсы» аргументтерді қабылдамайды.
5. Қаржылық пайда
Нарық – бұл псевдоғылым сенімді жеңіске жететін алаң. Мұнымен қоса, тұтынушыларды оңай алдап, қомақты қаржы табады. Сондықтан ақша ізі бар сөзінің мағынасын түсінуіміз керек. Керемет жаңалықтардың авторлары ақша табуға тырыса ма? Бұл жаңалық дәрі-дәрмектер, кітап, курстар немесе кеңестер сатуға қатысты болуы мүмкін. Әрине, бұл тек күміспен күптелген зерттеушілерге ғана сенуге болады деген сөз емес. Бірақ әрқашанда неізгісі қаржылық пайда екенін түсіну маңызды.