Fake News

Жалған: «Вакциналардағы полисорбат-80 энцефалит пен бедеулікке әкеледі»

Антиваксерлер әлеуметтік желілерде жаңа миф таратуда. Полисорбат-80 эмульгаторы иммундық жүйені басады, сондықтан вакциналар құрамында анафилактикалық шокқа, бедеулікке және энцефалитке әкеледі екен. Талдап көрейік.

 

Этоксилденген сорбитан моноолеаты химиялық қосылысы немесе полисорбат-80 тамақ, тоқыма, косметика және тау-кен өнеркәсібінде жиі қолданылады. Эмульгатор, еріткіш, тұрақтандырғыш ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ АҚШ-та лицензияланған бірнеше вакцинада бар. Тұмау, менингококк, В гепатитіне және АПВ (адам папиллома вирусы) қарсы екпелерде кездеседі. Вакциналардағы полисорбат-80 негізгі міндеті – басқа ингредиенттердің ерігіштігіне ықпал ету.

1993 жылы жарияланған зерттеуде полисорбат-80 мен ұрғашы егеуқұйрықтардың репродуктивті проблемаларының арасындағы байланыс көрсетілген. Кейінгі эксперименттер мұны растаған жоқ.

2015 жылы полисорбат-80 енгізілген пневмококка қарсы вакцинаны зерттеу басталды. Егу бір жасқа дейін балаларға жасалып, ешқандай жанама әсерлер анықталмады. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің сараптамалық тобы 2018 жылы полисорбат-80 қаупі «өте төмен» екенін мәлімдеді.

Мичиганның CS Mott балалар ауруханасының сайтында АПВ вакцинасындағы полисорбат-80 мөлшері туралы ақпарат ұсынылған. Әр дозада 50 микрограмм зат болады. Бұл химиялық қосылыс ұзақ уақыт бойы АҚШ-та балмұздақ өндірісінде қолданылып келеді. Ол тәттінің еруін баяулатып, оны тегіс етеді. Балмұздақтың бір порциясында шамамен 170 мың микрограмм зат бар. Оның сандық қатынаста қанша екенін түсіндірсек, микрограмм грамның миллионнан бір бөлігі болып табылады.

Филадельфия балалар ауруханасының дәрігерлері АПВ және COVID-19 қарсы вакциналардағы полисорбат-80 бедеулікке әкелуі мүмкін деген тезисті де жоққа шығарды.

Полисорбат-80 анафилактикалық шок тудыру ықтималдығын анықтаған кезде, AFP фактчекерлері америкалық Вандербильт университетінің аллергия және иммунология маманы Косби Стоунға жүгініп, пікірін тыңдады. Ғалымның айтуынша, бұл қосылысқа жеке төзбеушілік болуы мүмкін. Полисорбат-80 аллергия мен анафилактикалық шок тудыруы ықтимал, бірақ бұл «миллионның ішінде бір рет болатын жағдай».

Барлық вакциналар қауіпсіздік пен тиімділікке қатысты маңызды клиникалық сынақтардан өтеді. Олардағы ингредиенттер ең аз мөлшерде қолданылады, бұл полисорбат-80-ге де қатысты. Сондықтан бұл химиялық қосылыс улы және бедеулік, энцефалит, анафилактикалық шоктың болуына әкеледі деуге негіз жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button