Әскери техника жұмысының видеосын химтрейлдер теориясының дәлелі ретінде ұсынуда
Қазнетте қалың ақ түтін шығарып тұрған жүк көліктерінің бейнеролигі таратылуда. Бұдан кейін ерекше пішіндегі бұлттар мен ұшақтардың конденсациялық іздері түсірілген роликтер көрсетілген. Кадр сыртындағы дауыстар мұның бәрі химтрейлдер, химиялық заттар шашудың іздері дейді. Бұл жалған.
Шындығында, таратылған роликтегі бірде-бір үзінді химтрейлдер теориясын дәлелдемейді.
Бейненің бірінші бөлігінде ТДА-3 түтін машиналары көрсетілген. Олар бүркеме түтін жасау үшін қолданылады. Сондай-ақ, олардың көмегімен дезинсекция жүргізуге болады. Қазір Қазнетте таратылып жатқанға ұқсас видео баршаға қолжетімді. Онда түтін шығарған көліктердің жанында бетпердесіз немесе газқағарсыз адамдар тұрғанын көруге болады. Дмек, техника қауіпті химиялық қосылыстарды, вирустар мен у шашпайды. Сондай-ақ, мұндай техниканың бейбіт тұрғындарға зиян келтіру үшін тұрғын аудандарда қолданылғанына ешқандай дәлел жоқ.
Сонымен қатар, химтрейлдер теориясын дәлелдейтін роликте былтыр Новосібірде түсірілген ерекше конденсациялық іздердің видео бар. Олар туралы «Вести» жазған. Олардың ақпараты бойынша, тұман салдарынан жерге қона алмады, аспанда айналып ұшқан «Boeing-747» дөңгелек іздер қалдырған. Осы жағдайдан кейін Новосібір тұрғындары арасында сырқаттанушылықтың өсуі немесе ерекше белгілердің пайда болуы туралы хабарламалар тіркелген жоқ.
Сондай-ақ, видеода ерекше формадағы әртүрлі бұлттар көрсетілген. Айта кетейік, кейде олардың пішіні ерекше болады, бірақ бұл оларды адам жасағанының немесе қауіпті улы химикаттардан тұратынының белгісі емес.
Осылайша, таратылған видео химтрейлдер теориясын дәлелдемейді және қалада көктен химиялық заттарды әдейі шашатындығын растамайды.
Химтрейлдер қастандық теориясы болып табылады және 1990-шы жылдардың басынан бастап оған ешқандай дәлел табылған жоқ. Қазақстанда бұл идеялар COVID-19 пандемиясының басталуымен тарала бастады. Бұл 2021 жылы Казнет пайдаланушылары арасында кеңінен тараған теория.