Манипуляция: «зерттеулер бірден бірнеше маска тағу керек екендігін көрсетті»
Қазнет қолданушылары АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мамандары жүргізген зерттеу туралы жаңалықты талқылауда. Зерттеу нәтижелері маскаларды бірінің үстіне бірін тақса, ол бір маскадан гөрі жақсырақ қорғайтынын көрсеткен екен. Кейбіреулер мұны бірден бірнеше жеке қорғаныс құралын тағуға ұсыныс ретінде қабылдаған. Бұл дұрыс емес.
Желіде талқыланып жатқан зерттеудің бары рас. Оны АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары жүргізген. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, маскаларды бірінің үстінен бірін тақса, олар вирустар мен дем шығарған кезде ауа бөлшектерінің 95% ұстайды. Бірақ зерттеушілер бір рет қолданылатын маскалардың бір түрін және матадан жасалған масканың бір түрін тексергені атап өтеді. Демек, егер басқа өндірушілердің қорғаныс құралдарын қолдансаңыз немесе маска басқа материалдан жасалса, нәтиже өзгеше болуы мүмкін.
Бұл зерттеулер АҚШ-та немесе басқа елдерде қатаң ұсыныстарға негіз ретінде қабылданған жоқ. Бірден бірнеше маска тағу еш жерде міндетті болып табылмайды.
Бір рет қолданылатын масканың үстінен матадан жасалған масканы тағу қосымша қорғауды қамтамасыз ете алады деген ақпарат CDC ресми сайтында матадан жасалған және бір рет қолданылатын маскаларды, сондай-ақ респираторларды таңдау және дұрыс пайдалану бойынша ұсыныстармен қатар көрсетілген.
Сайтта үш, төрт немесе одан да көп маска тағу туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ, жеке қорғаныс құралдарын қабаттап пайдалану қажет деп те айтылмаған.