Фейк: «COVID-19 пандемиясының басында адамдарды вакцинациялау үшін әдейі емдеген жоқ»
Telegram мессенджерінде америкалық кардиолог Питер Маккалоудың мәлімдемесі тарады. Дәрігердің айтуынша, пандемияның басында COVID-19 жұқтырған науқастарды әдейі емдемей, адамдарды вакцинациялау қажеттілігін тудырған. Бұл фейк.
Питер Маккаллоу – вакцинацияға қарсы танымал тұлға. Ол бұған дейін бірқатар мәлімдемелер жасаған, олардың ешқайсысы фактчекерлердің тексеруінен өтпеді.
Жалған ақпарат тарату салдарынан оның бұрынғы жұмыс берушісі Маккалоуға құны миллион долларлық талап-арыз берген. Атап айтқанда, онда Питер Маккалоу өзі жұмыс істеген клиниканың атынан «Ивермектин» және «гидроксихлорохин» сияқты мақұлданбаған дәрі-дәрмекті қолдануға шақырғаны айтылған.
Оның COVID-19 жұқтырған науқастарды пандемияның басында әдейі емдемегені туралы мәлімдемесі де толығымен жалған. Дәрігерлер пандемия өршіген кезеңдерде және оның басында пациенттерге барынша көмек көрсетуге тырысты.
Алайда, 2019 жылдың соңында және 2020 жылдың басында бұл ауру бүкіл әлем үшін жаңа індет болды, сәйкесінше, оны емдеу хаттамалары болған жоқ, яғни дәрігерлер тек өз тәжірибелері мен біліміне ғана сүйенді. 2020 жылы жазда ахуал жақсарды және мамандар COVID-19 емдеудің тиімді схемаларын жасай алды.
Тиімді дәрі-дәрмекті зерттеу және іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда.
Бүгінгі таңда Pfizer компаниясы COVID-19 қарсы дәрмек әзірледі. Зерттеулер көрсеткендей, бұл аурудың ауыр ағымын, ауруханаға жатқызуды және өлімді болдырмауда 90% тиімді.
Сонымен қатар, вакцинация аурудың алдын алудың тиімді құралы болып табылады. Қазіргі вакциналар тиімді және қауіпсіз, бұл клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулермен расталады.
Иммундау инфекцияның таралу жылдамдығын төмендетуге және әртүрлі елдерде денсаулық сақтау жүйелерінің құлдырауын болдырмауға мүмкіндік береді.
Демек, дәрігерлер жаппай вакцинациялау қажеттілігін қолдан жасаған жоқ. Мұндай қажеттілік ғылым мен ақылға негізделген.
Дәрігерлер COVID-19 жұқтырған науқастарды ауру пайда болған сәттен бастап емдеді, алайда пандемия басталған кезде бұл бұрын белгісіз ауру болғандықтан, ем-дом аса тиімді болған жоқ, қазіргі кезде ғылыми мәліметтер негізінде емдеу әдісі жасалды.