Фейк: «COVID-19 – гуанидинмен улану»
Қазақстандықтар Желіде COVID-19 вирустық ауру емес, улы химикат – гуанидинмен улану екендігі туралы бейнероликпен бөлісуде. Оны ағын суға қосып, көшелерде шашады. Бұл жалған.
Таралған роликте бұл теорияны өзінің псевдоғылыми мәлімдемелерімен танымал Владислав Гончарук егжей-тегжейлі түсіндіреді. Мысалы, сұхбаттарының бірінде ол адамдар вирустардан тұрады, дельфиндер бүкіл адамзат баласын жаттықтырады, Эйнштейн теңдеуінің дұрыстығына қарсы шығып, жарық жылдамдығы әртүрлі, өйткені ол көк, қызыл, жасыл және басқа реңкті болуы мүмкін деп мәлімдеді.
Бұл жолы ол адамдарды гуанидин химиялық заттымен улайтынын айтты. Бұл дезинфекция мақсатында қолдануға болатын органикалық азотты қосылыс. Алайда, оны таза күйде қолданылмайды, өйткені зат теріге тиген жағдайда сілтілі күйікке әкелуі мүмкін. Әдетте, дезинфекциялау үшін сумен сұйылтылған гуанидин гидрохлориді немесе полигексаметиленгуанидин гидрохлориді қолданылады.
ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 мамырдағы қаулысына сәйкес, елімізде тек екі гуанидті дәрі-дәрмекті қолдануға рұқсат етіледі. Бұл «Ультрадез Форте» және «Необак плюс». Бұл заттар таза күйінде қолданылмайды. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, оларды заттардың концентрациясы сәйкесінше 1,0% және 0,1% аспайтындай сумен араластыру керек. Сондай-ақ қаулыда экспозицияның ең ұзақ уақыты көрсетілген. Бұл «Ультрадез Форте» үшін 30 минутты және «Необак Плюс» үшін 60 минутты құрайды. Осылай пайдаланғанда бұл заттар адамдар үшін зиянсыз.
Қазақстанда «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаттары үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға» сәйкес, гуанидин су құбыры суына қосылмайды. Сондай-ақ ережелерде судағы хлор, озон және судың қауіпсіздігіне кепілдік беретін өзге де заттардың болу нормалары көрсетілген.
COVID-19- бұл ғылыми дәлелденген вирустық ауру. Аурудың қоздырғышы-SARS-CoV-2 коронавирусы, оның геномы толығымен ашылып, зерттелді.
Демек, COVID-19 гуанидинмен улану туралы ақпарат сенімсіз дереккөзден тараған және фактілерге қайшы келеді.