Fake News

Фейк: «КВИ қарсы вакциналарда маймылдың бүйрек жасушалары мен қауіпті химикаттар бар»

Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде COVID-19-ға қарсы вакциналардың құрамына кіретін қауіпті химикаттар атап көрсетілген хабарлама тарады. Тізімде африкалық маймылдардың бүйрек жасушалары, ацетон және автордың айтуынша, аутизмді тудыратын, миға, бауырға және басқа да ішкі мүшелерге зиян келтіретін бірқатар компоненттер бар. Бұл жалған.


Сонымен, алдымен тараған тізімге қандай компоненттер кіргені және олардың вакциналарға қатысы бар-жоғы туралы қысқаша айтып берейік.
Формалин – формальдегидтің сулы ерітіндісі. Оны вирусты өлтіру және оны адамдар үшін қауіпсіз ету үшін белсенді емес вакциналар өндірісінде қолданылады. Химиялық заттың өзі вакциналарда тек қалдық түрінде ғана болады және өте аз мөлшерде, бұл адам денсаулығына зиян келтіре алмайды.
Бета-пропиолактон – бұл да вакциналарды құрайтын вирустарды инактивациялау үшін қолданылады. Оның препараттардағы концентрациясы өте аз, бұл адамға зиян келтіру үшін жеткіліксіз.
Гексадецилтриметиламмоний хлориді – кейбір менингококк вакциналарында қолданылатын детергент. Ол иммундауға арналған кейбір препараттарды өндіру үшін қажет менингококк капсулалық полисахаридін алуға және сақтауға мүмкіндік береді.
Алюминий гидроксиді – вакциналардың кейбір түрлерінде адъювант ретінде қолданылады, яғни ағзаның иммундық реакциясын жақсартуға көмектеседі. Оның аутизм спектрінің бұзылыстарының дамуына әсері – жетекші ғалымдар бірнеше рет теріске шығарған миф.
Сынап тимеросалы да адъювант ретінде қолданылады. ДДСҰ мәліметтері бойынша, оны қолданудың пайдасы ықтимал қауіптерден бірнеше есе артық. 
Сынап тимеросалы ағзада жиналмайды және 4-9 күн ішінде толығымен жойылады. 
Полисорбат 80 және полисорбат 20 – зәйтүн майынан алынған сорбитан. Эмульгатор және тұрақтандырғыш. Ол биотехнология, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, косметология және т.б. салаларда қолданылады. Адам денсаулығы үшін қауіпсіз.
Ацетон – оны да вирустарды инактивациялау үшін вакциналар өндірісінде қолдануға болады. Дайын препаратта тек аз мөлшерде ғана кездеседі және ағзаға зиян келтіре алмайды.
Африкалық маймылдардың бүйрек жасушалары – әлемде бірде-бір вакцинаның құрамына басқа жануарлардың да, маймылдардың да бүйрек жасушалары немесе басқа дене бөліктері кірмейді.
Енді COVID-19 қарсы вакциналардың баршаға қолжетімді нақты құрамына тоқталайық.
«Спутник-V», Pfizer-Biontech, Moderna, Astra-Zeneca және Janssen препараттары белсенді емес болғандықтан, оларды өндіруде ацетон, формалин және бета-пропиолактон қолданылған жоқ. Сондай-ақ, олардың құрамына аллюминий гидросксиді, сынап тимеросалы және гексадецилтриметиламмоний хлориді кірмейді.
Олардың құрамымен толығырақ мына жерден танысуға болады:

Pfizer/BioNTech;
Moderna;
Janssen;
Astra-Zeneca;
Sputnik V;

Отандық QazVac препараты негізгі компоненті болып табылатын вирусты инактивациялау үшін формалинді қолдану арқылы дайындалған. Алайда, зерттеулер көрсеткендей, препарат ағзаға зиянсыз. 
Қытайлық CoronaVac препаратында адъювант ретінде алюминий гидроксиді бар, алайда, жоғарыда жазғанымыздай, бұл компонент аутизмнің немесе басқа аурулардың дамуына ықпал етпейді.
Hayat-Vax (Sinopharm) препаратын өндіруде вирусты инактивациялау үшін 1:4000 қатынасында сұйылтылған бета-пропиолактон қолданылды. Соңғы препаратта бұл химикаттың мөлшері өте аз және адам ағзасына әсер ете алмайды. Сонымен қатар, бұл вакцинада адъювант ретінде алюминий гидроксиді бар. Препараттың клиникалық зерттеулері оның адамдар үшін қауіпсіз екенін және қандай да бомласын аурудың дамуына себеп болмайтынын дәлелдейді. 
Жоғарыда сипатталғанның нәтижесінде, Қазнетте тараған вакциналардың «құрамы» – фейк деген қорытынды жасауға болады. COVID-19 қарсы вакциналардың ешқайсысында постта көрсетілген ингредиенттер түгел қолданылмайды, сондай-ақ бұл заттар хабарламада көрсетілген қорқынышты салдарға әкелмейді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button