Фейк: «Желіде табылған патент жақын арада әлемде әлеуметтік рейтинг жүйесі енгізілетінін дәлелдейді»
Telegram арналарында пайдаланушылар US 11,107,588 B2 патенті туралы жазуда. Ол көп ұзамай бүкіл әлемде әлеуметтік рейтинг жүйесі енгізілетінін және төмен балл алған адамдарды қауіпті аурулардан емдеу мүмкін болмайтынын дәлелдейді. Сонымен қатар, чат мүшелерінің айтуынша, адамдарға арнайы бақылау құрылғылар беріледі, олар адам және оның айналасындағылар туралы бүкіл ақпаратты анықтайды. Бұл жалған.
US 11,107,588 B2 патенті бар және оны Желіден оңай табуға болады. Ол «Адамдардың жеке өмірін қорғаудағы емдеу, вакцинациялау, тестілеу және / немесе іс-әрекеттің басым әдістері мен жүйелері» деп аталады. Бұл ретте бір-бірімен және ортақ сервермен байланысатын және адам ауруларының тарихы, аллергия, жұмыс орны, басқа адамдармен байланыс жиілігі және басқа мәліметтер туралы ақпаратты қамтитын кейбір портативті құрылғылар туралы айтылып отыр. Олардың негізінде жүйе қандай адамдар қауіпті инфекцияларға бейім және оны жұқтырған кезде қай адамдарда асқыну қаупі жоғары екендігі туралы қорытынды жасайды.
Осы мәліметтерге сүйене отырып, жүйе аурудың өршуін және олардың алдын алу жолдарын ұсынады. Ол үшін ауру жұқтыруға неғұрлым бейім адамдар тестіленіп, вакцинацияланады, ал ауру болған жағдайда ілеспе диагнозы бар азаматтар асқынулардың дамуына жол бермеу үшін бірінші кезекте емделеді.
Патентте әлеуметтік рейтинг жүйесі туралы айтылмайды.
Сонымен қатар, патент онда сипатталған өнертабыстың жүзеге асырылатынын және жаппай өндіріске жіберілетінін дәлелдемейді. Желіде бірер жыл бұрын берілген біртүрлі патенттер көп, бірақ оларда сипатталған құрылғылар қисынсыз, сондықтан оларды шығару және пайдалану мағынасыз болып табылады. Мысалы, 1979 жылы иттердің ұзын құлақтарына киілетін арнайы түтіктерге патент берілген. Автордың ойынша, бұл ит тамақ ішкенде, серуендегенде құлақты таза ұстауға көмектеседі.
2003 жылы наурызда имек тұтқалары жоқ көзілдіріктер патенттелді. Олар кеңсірікті тесіп орнатылғанлинзалар арасындағы көпіршенің көмегімен ұсталынып тұрады.
Ал 2004 жылы Даниэль Дьюдек пен Памела Херд, Мысырда мыңдаған жыл бұрын перғауындардың моласына ұқсас пирамида пішіндес қабірді патенттеген.
Демек, қазақстандықтар талқылап жатқан US 11,107,588 B2 патенті, онда сипатталған құрылғылар пайдаланылады және құжатта ұсынылған жүйені жекелеген елдерде немесе тұтастай әлемде енгізеді дегеннің белгісі емес. Патентте әлеуметтік рейтинг жүйесі туралы айтылмайды. Яғни, болашақта тек әлеуметтік мәртебесі жоғары азаматтар ғана емделеді деген қауіп негізсіз.