Fake News

Фейк: «Егілген ұшқыштар денсаулығына байланысты жұмысынан айрылуда»

Telegram-чаттарда Еуропарламент депутаты Кристина Андерсеннің сөйлеген сөзінің бейнежазбасы тарады. Ол COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған ұшқыштардың көпшілігі денсаулығына байланысты енді ұша алмайды дейді. Оның айтуынша, әуе компаниялары қазіргі кезде бұрын жұмысқа жіберілмеген вакцинацияланбаған ұшқыштарды белсенді түрде тартуда. Мұның бәрі өтірік.

Кристина Андерсен 2019 жылдан бері Еуропалық парламенттің депутаты. Ол вакцинация мен карантиндік шектеулерге қарсы тұлға. Бұған дейін ол вакцинация паспорттарын енгізуге қарсылық танытқан және COVID-19 қарсы вакциналар тәжірибелік және денсаулыққа қауіпті деп мәлімдеген. Оның мәлімдемесін фактчекерлер жоққа шығарды.
Бұл жолы Кристина Андерсен жақын арада қауіпсіз ұшулардың әлем бойынша жойылып кету қаупі бар деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бұған дейін COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған ұшқыштар денсаулығына байланысты ұша алмайды, ал әуе компаниялары бұрын екпе салдырудан бас тартқаны үшін жұмыстан шеттетілген ұшқыштарды белсенді түрде қабылдауда.
Айта кетейік, депутат бұл оқиғалар орын алған елдерді, әуе компанияларын атап, сандар келтірген жоқ. Осыған қарамастан, оның сөйлеген сөзінің видеосы Желіде, әсіресе Испанияда кеңінен тарап, фактчекерлердің назарына ілікті.
Newtral.es порталының хабарлауынша, әуе компанияларына жұмысқа қабылдау кезінде талапкерлерді вакцинациялау мәртебесі туралы сұрауға тыйым салынады. Сондай-ақ фактчекерлердің айттуынша, Испания Авиакомпаниялар одағы (SEPLA) және Авиакомпаниялар қауымдастығы (ALA) вакцина алған ұшқыштардың көпшілігі денсаулығының күрт нашарлауына байланысты енді ұша алмайды деген қауесетті жоққа шығарды.
COVID-19 қарсы егілген ұшқыштар жұмыс істей алмайтыны туралы ақпарат Желіде көптен бері таратылып келеді. Мысалы, 2021 жылдың маусым айында пайдаланушылар British Airways авиакомпаниясының ұшқыштарының тек 10%-ында ғана жаппай егу науқанынан кейін ұшу үшін денсаулығы жақсы болады деп жазды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, мұндай қауесеттер мүлдем негізсіз болған.
Бір айдан кейін, 2021 жылдың шілдесінде әлеуметтік желілерде Канадада барлық вакцинацияланған ұшқыштарға ұшуға тыйым салынды деген жалған ақпарат тарады. Оны PolitiFact порталы жоққа шығарды.
Былтыр қараша айында АҚШ қолданушылары American Airlines ұшқыштары ұшып келе жатып, көз жұмғаны туралы жазды. Бұл ақпаратты USA Today порталы жоққа шығарды.
Биыл сәуір айында Желіде ұшқыштардың 30%-ы COVID-19 қарсы вакциналардың жағымсыз реакцияларына байланысты медициналық тексеруден өте алмады деген жалған ақпарат тарады.
Демек, депутат Кристина Андерсеннің егілген ұшқыштар денсаулығына байланысты ұша алмайды деген сөзіне сенуге негіз жоқ. Бұл вакцинацияға қарсы адамдар арасында танымал тағы бір фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button