Фейк: «КВИ қарсы вакцинадан қауіпті бактериялар жиынтығы табылды»
Қазақстандықтар Telegram мессенджерінде COVID-19 қарсы вакцинаны микроскоппен қарап жатқан бір топ адамның видеосын таратуда. Олар үлгіден алтын стафилококк, гемолитикалық стрептококк, Кох таяқшасы сияқты бірқатар қауіпті бактерияларды және «қолдан жасалған» бірнәрсе тапқан. Бұл роликке сенуге болмайды? Неге екенін түсіндірейік.
Видео дереккөзі белгісіз. Нақты әйнекте не барын сеніммен айту мүмкін емес, өйткені үлгіні алу және оны құрылғыға салу процесі бейнеге түсірілмеген.
Айта кетейік, кадрларда -80 С температурада сақталуы тиіс Pfizer/BioNTech вакцинасы бар бөтелке көрсетілген. Препараттың дұрыс сақталған-сақталмағаны да белгісіз.
Сонымен қатар, бұл вакцинаны елдерде жеке пайдалану үшін сатып алу мүмкін емес. Көптеген мемлекеттерде препарат емделушілердің қолына берілмейді, оны медициналық мекемелердің мамандары бұлшықетке енгізеді.
Сондықтан, видео авторларының микроскоппен вакцинаны қарастырғандары күмән тудырады.
Препараттың құрамынан бактериялардың «анықталғанына» да сену қиын. Өйткені, микроскоппен бактерияларды байқау әлдеқайда қиын. Бұл үшін дефлекторы жақсы, қуатты және қымбат микроскоп қажет. Бактерияларды анықтауға метилен көк сияқты арнайы бояғыш ерітінділер көмектеседі.
Демек, жай әуесқойлық микроскоптың окулярына қарап, бактерияны анықтап, оның дәл сәйкестендіру мүмкін емес.
Енді роликтің авторлары вакцинадан нақты не тапқанын айтайық.
Кох таяқшасы немесе Mycobacterium tuberculosis түрі іс жүзінде бейнедегідей емес. Бұл бактерия таяқшаға ұқсайды, ал видеода оның бір жағы айтарлықтай қалың.
Сонымен қатар, пішіні ұзын бактериялар өте көп. Оларды кәсіби дайындықсыз және нақты жабдықсыз бір-бірінен ажырату мүмкін емес.
Алтын стафилококк та роликте көрсетілгеннен өзгеше. Бұл бактерияларды 1000X және одан жоғары үлкейту арқылы анық көруге болады, өйткені олардың диаметрі небары 1 микрометр немесе одан да аз. Сонымен қатар, олар сарғыш реңкті.
Бейне авторлары көрсеткен гемолитикалық стрептококк көлемі шамамен бірдей – 0,6-дан 1 микрометрге дейін. Тиісінше, оны көру үшін өте күшті микроскоп қажет. Бір қызығы, стрептококк бактериялары бір шоқ жүзімге немесе ұзын тізбектерге ұқсас құрылымдар түзеді.
Демек, роликте айтылған және көрсетілген бактериялардың ешқайсысын дәл анықтау мүмкін емес. Тиісінше, роликте көрсетілген бөлшектер кез келген нәрсе болуы ықтимал.
Айта кетейік, Pfizer/BioNTech шығарған вакцинаның құрамы құпия емес және көпшілікке қолжетімді.
Роликтің авторлары белгісіз, сондай-ақ, олардың бактерияларды анықтау және сәйкестендіру үшін микроскопияда қандай әдістерді қолданғаны, нақты нені талдағаны және осындай талдау жасау үшін жеткілікті білімі мен дағдылары бар-жоғы туралы нақты мәліметтер жоқ.