Фейк: «Талдықорғанда сауда үйінде уытты заттармен санитарлық өңдеу жүргізілген»
WhatsApp мессенджерінде Талдықорғанда «Әлдібек» сауда үйінде санитарлық өңдеу жүргізілгеннен кейін қызметкерлер мен сатып алушыларды эвакуациялауға тура келгендігі туралы хабарламалар таратылуда. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат ішінде шашылған заттан адамдардың көзі жасаурап, тамағы жыбырлап, тыныс алуы қиындаған. ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл жағдайға қатысты түсінік берді.
Белгілі болғандай, оқиға орын алған күні, ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде, сауда үйі ғимаратында санитарлық өңдеу жүргізілмеген. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері бұл оқиғаға кінәлі тәртіп бұзушыларды анықтауда.
– 2021 жылдың 12 қыркүйегінде «Әлдібек» сауда үйінің ғимаратында белгісіз жастар бұрыш спрейін шашқан, нәтижесінде қызметкерлер мен сатып алушылардың жағдайы нашарлап, сауда үйі әкімшілігінің хабарламасы бойынша орынжайдан уақтылы шығарылған. Аталған факті бойынша тәртіп бұзушылардың тұлғаларын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде. «Әлдібек» сауда үйінің әкімшілігі болған оқиғадан кейін ғимаратты желдетіп, 02.09.2021 жылғы ҚР БМСД №38 қаулысының алгоритміне сәйкес дезинфекциялық іс-шаралар жүргізді, – деп хабарлады комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Демек, сауда үйінде қызметкерлер мен сатып алушыларды санитарлық өңдеу арқылы химиялық заттармен қасақана улағаны туралы хабарламалар шындыққа жанаспайды.