Фейк: «Кореялық сериал SARS-CoV-2 вирусы тарайтынын болжады»
Қазақстандық пайдаланушылар «Менің артымдағы Териус» атты корей драмасынан үзіндісімен бөлісуде. Сериялардың бірінде кейіпкер қауіпті вируспен ауырады, дәрігердің пайымдауынша, бұл қолдан жасалған коронавирус мутациясы. Бұл эпизодты неге сәуегейлік деп санауға болмайтынын түсіндіріп өтейік.
«Менің артымдағы Териус» телехикаясы 2018 жылы көрерменге жол тартты. Сюжет күйеуінен айырылған үй шаруасындағы жас әйел жайлы. Қылмысты тергеуге оған бұрынғы арнайы агент болған көршісі көмектеседі. Драманың 10-сериясында кейіпкерлердің бірі белгісіз аурумен ауырады, ал оны емдеуші дәрігер дерттің қоздырғышы зертханалық жағдайда генетикалық өзгеріске ұшыраған коронавирус деп пайымдайды. Оның айтуынша, аурудан болатын өлім-жітім 90% құрайды, патоген өкпені бес минуттың ішінде зақымдайды.
Бұл болжамдарды сәуегейлікке жатқыза алмайтынымызға бірнеше себеп бар. Біріншіден, қоздырғыштары коронавирустар болған өте қауіпті аурулардың өршуі 2018 жылға дейін де болған. 2003 жылы алғаш рет ауыр жедел респираторлық синдром тудыратын SARS коронавирусы анықталды. 2012 жылы тағы бір коронавирус – MERS анықталды. Ол Таяу шығыс респираторлық синдромының дамуына себеп болды. Ауру 27 елге таралды және кем дегенде 585 адамның өмірін қиды. Демек, 2018 жылғы телехикаяда тыныс алу жолдарының қауіпті ауруларының қоздырғышы ретінде коронавирустың айтылуы таңқаларлық жайт емес.
Сериалда айтылғандай, жаңа вирустан болатын өлім-жітім 90% құрайтыны да шындыққа жанаспайды. ДДСҰ мәліметтері бойынша коронавирустан болатын өлім-жітім 3-4%. Сонымен қатар, вирус дорамада айтылғандай, бес минуттың ішінде өкпені зақымдай алмайды.
Вирустың биологиялық қару ретінде қолдан жасалғандығы туралы теория кинематографқа лайықты, бірақ шынайы өмірде расталмайды. SARS-CoV-2 шығу тегін көптеген ғалымдар зерттеді және барлығы патоген табиғи түрде пайда болды деген қорытындыға келді. Мұны тірі ағзадан тыс жерде болуы мүмкін емес мутациялардан байқауға болады. Уханьда тергеу жүргізген ДДСҰ сараптамалық тобының есептері де осы теорияны қуаттайды. Онда вирустың зертханада қолдан жасалуы екіталай делінген.
Демек, корей телехикаясының эпизодын сәуегейлік деп санауға болмайды. Сценаристер драмада әлемде болып жатқан жайтты ғана көрсетіп, оқиғаларды көркемдік қиялмен толықтырған. Эпизодта айтылған вирус сипаттамалары да SARS-CoV-2 коронавирусының нақты қасиеттерінен ерекшеленеді.