Fake News

Қазнетте оқушыларға төленетін қосымша төлемдер туралы жалған хабарлама таратылуда

Қазақстандықтар барлық оқушыларға 40 000 теңгеден төленеді деген хабарламаны бір-біріне жіберуде. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының хабарлауынша, материалдық көмек тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға ғана көрсетіледі.

 

Әлеуметтік желілер мен Whatsapp топтарында «Әрбір оқушы балаға 40 000 теңгеден беріледі» деген хабарлама таратылып жүр. Скриншотта Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың суреті пайдаланылған. Бірақ ведомствоның ресми сайтында мұндай ақпарат жоқ.

Біздің қолымызға Нұр-Сұлтан әкімдігінің 18 тамызда «Жаппай оқу» қайырымдылық акциясы басталды және тұрмысы төмен отбасылардағы оқушыларға 40 000 теңгеден беріледі делінген хабарламасы түсті. Материалдық көмек мектеп киімін, аяқ киім және басқа да керек-жарақтарды сатып алу үшін бөлінеді.

«Өткен жылы көмек көлемі бір балаға 30 мыңды құрады және сертификат түрінде берілді. Былтыр 12 690 оқушыға көмек көрсетілді. Биыл әлеуметтік көмек көлемі бір балаға 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 17 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланып отыр», – делінген хабарламада.

Осы мәліметтерді нақтылау үшін StopFake редакциясы Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасына хабарласты. Мекеме өкілдері таратылып жатқан ақпаратта ресми ақпарат бұрмаланып отырғанын растады.

«Бұл акция жаппай оқу аясында халықтың әлеуметтік осал топтарының оқушыларын қолдауға бағытталған. Биыл Нұр-Сұлтанда әлеуметтік көмек көлемі бір балаға 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 17 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланған», – деді басқармадағылар.

 

Сондай-ақ, ведомство өкілдері бұл көмекті алуға кімнің құқығы бар екенін айтып берді:

* мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар);
* жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар;
* отбасыда тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
* Төтенше жағдайлар нәтижесінде шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балалар;
* білім беру ұйымының алқалы органы (Қамқоршылық кеңесі) айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына.

Басқа жаңалықтар

Back to top button