Дәлелсіз: «Ауғанстан босқындары қауіпті белгісіз вирус жұқтырған»
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Ауғанстан босқындары қауіпті және белгісіз вирус жұқтыруы ықтимал және бұл туралы олардың өздері де білмеуі мүмкін деген «құпия» ақпарат тарады. Хабарлама авторының айтуынша, Ауғанстан азаматтарын қабылдайтын елдерде жақында аса қауіпті жаңа ауру ошағы өршуі мүмкін. Бұл дәлелсіз.
Хабарламада келтірілген пікірлер расталмайды. Бүгінгі таңда босқындардың COVID-19 тарату мүмкін екендігіне қатысты алаңдаушылық бар, алайда оларды қабылдаған елдер бұған жол бермеу үшін бірқатар шаралар қабылдады. Мысалы, Канадада шетелден келген барлық туристер екі апталық карантинге жатқызылуы керек. Ауғанстан азаматтары да осы ережеге бағынуға міндетті.
АҚШ-тың Колорадо штатында босқындарға COVID-19 қарсы вакцинасы ұсынылады.
Ұлыбританияға келген ауғандықтар да елге келгенде карантинге алынады.
Германияда босқындар жеке уақытша баспанаға орналастырылады.
Пәкістан билігі елге келген босқындардан COVID-19 анықтау үшін ПТР-тест тапсыруды талап етеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі еліміздің босқындарды қабылдамағаны туралы хабарлаған болатын.
ҚР СІМ Ауғанстанның 70 000 азаматын қабылдау туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды
Қазақстанға Ауғанстаннан 183 адам эвакуацияланды. 18 тамызда таңертең Алматыға бортында 42 адам бар ұшақ келіп қонды. Олардың ішінде 25 қазақстандық (15 ересек және 10 бала), 17 шетел азаматы, оның ішінде 14 қырғызстандық бар.
Сол күні кешке Қазақстанға Ауғанстаннан бортында Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссияның 141 қызметкері бар екінші әуе кемесі ұшып келді. Олар елімізде бірнеше ай болады. Оларды қамтамасыз ету бойынша барлық шығындарды БҰҰ өз мойнына алды.
Демек, Ауғанстан босқындары белгісіз вирус жұқтырды деп айтуға негіз жоқ. Ауғанстан азаматтарын қабылдайтын елдер COVID-19 кезекті мәрте өршуіне жол бермеу үшін барлық жағдайды жасауда. Қазіргі кезде Қазақстанда Ауғанстан босқындары жоқ.