Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинация тоқтатылған жоқ
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандықтар елде COVID-19-ға қарсы вакцинация тоқтатылғаны туралы хабарламамен бөлісуде. Бұл фейк.
Қазақстанда вакцинацияны өткізбеу туралы жаңалықтың дереккөзі KZ 24/7 YouTube-арнасы болып табылады. Бұл парақшада, жалған ақпарат ұсынатын бейнелер жарияланады, мысалы, Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасында соғыстың басталуы, отандық QazVac вакцинасын пайдалануға тыйым салу және т.б..
Вакцинацияны өткізбеу туралы хабарлама осы жылдың 27 маусымында Youtube арнасында шықты. Бұдан кейін де тақырыбы ұқсас тағы бірнеше видео пайда болды.
Айта кетейік, роликтердің ешқайсысында ресми тұлғалардың дәйексөздері келтірілген видеолар, Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинацияның жойылғанын растайтын қандай да бір құжаттарға сілтемелер де жоқ.
Шын мәнінде, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та, Жандарбек Бекшин де осындай мәлімдеме жасаған жоқ.
Елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 14 шілдедегі қаулысында вакцинацияны өткізбеу туралы айтылмаған. Онда бұрынғыдай COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған адамдарға жұмысқа және қоғамдық орындарға кіруге шектеу қоятын нормалар жазылған. Сондай-ақ, қаулыда препараттың бірінші компонентімен вакцинация осы жылдың 10 тамызына дейін, ал екінші компонентімен 1 қыркүйекке дейін жүргізілуі керек делінген.
Демек, Қазақстанда COVID-19 қарсы вакцинацияны өткізбеу туралы хабарламалар жалған. Олар өте сенімсіз дереккөзден тараған және растауы жоқ. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 14 шілдедегі ресми қаулысына сәйкес, вакцинация әлі де қажет, сондай-ақ жұмысқа және адамдар көп жиналатын орындарға бару үшін міндетті болып табылады.