Фейк: «Ауруларды бақылау орталығы COVID-19 қарсы вакциналарының тиімсіздігі туралы деректерді жасыруда»
Қазақстандық Telegram-чаттарда АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) COVID-19-ға қарсы вакциналардың тиімді еместігі туралы ақпаратты жасырады деген хабарлама таралып жатыр. Авторлардың айтуынша, бұған дейін вакциналардың 100% тиімділігі туралы хабарланса да толық вакцинацияланған адамдар да ауру жұқтыруы мүмкін. Бұл олай емес.
Біріншіден, COVID-19 қарсы вакциналар шығаратын бірде-бір өндіруші өнім 100% тиімді деп мәлімдеген жоқ. Бұл көрсеткіш клиникалық сынақтар барысында алынған деректер негізінде есептеледі.
Осы көрсеткіштерге сүйене отырып, Pfizer/BioNTech вакцинасының тиімділігі 91%, Moderna – 94%, AstraZeneca – 74%, Sputnik-V – 92%, Синофарм (Hayat-Vax) – 73% құрайды.
Екіншіден, АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) толық вакцинациядан кейін инфекция жұқтыру жағдайларының статистикасын жасырмайды. Ведомствоның ресми сайтында бұл туралы толық мәліметтер ұсынылған.
Жалпы, АҚШ-та 130 миллионнан астам адам вакцинаның екі дозасын алған. Ресми мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында АҚШ-та COVID-19 індеті 10 262 адамда зертханалық түрде анықталды. Оның ішінде 2 725 адам симптомсыз ауырған, 160 науқас қайтыс болды, олардың 28-і COVID-19-ға байланысты емес себептерден қайтыс болды.
Осы жылдың мамыр айында АҚШ-тың 2 454 тұрғынында COVID-19 расталды. Олардың 2 298-і ауруханаға жатқызылды, 540 адам COVID-19-ға байланысты емес себептермен ауруханаларға түскен.
COVID-19 қарсы вакцина салдырған адамдардың 77%-ы 65 жастан асқандар.
– Вакцинацияланған адамдар арасында ауру жұқтыру жағдайлары егілгендердің аз ғана пайызында кездеседі. Вакцинациядан кейін инфекция тіркелген адамдар арасында жағдайлардың демографиялық сипаттамаларында немесе вакцинаның қасиеттерінде күтпеген заңдылықтар анықталған жоқ», – делінген CDC сайтында.
Қорыта айтқанда, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы вакцинацияланған адамдардың індет жұқтыру жағдайларын жасыруға тырыспайды. Керісінше, ведомствоның сайтында мұндай жағдайлардың толық статистикасы ұсынылған. Оларға сәйкес, мұндай жағдайлар сирек кездеседі және клиникалық зерттеулердің нәтижелері бойынша мәлімделген вакциналардың тиімділігіне қайшы келмейді.