Фейк: «Вакциналардағы алюминий нанобөлшектер миды зақымдайды»
Әлеуметтік желілерде вакциналардың құрамына кіретін алюминий нанобөлшектер туралы фейк тарады. Кейбір пайдаланушылардың айтуынша, нанобөлшектер миға зақым келтіріп, Альцгеймер ауруын тудыруы мүмкін. Бұл олай емес.
Бүгінгі таңда алюминий нанобөлшектер вакциналар өндірісінде қолданылмайды. Оларды қолдану әзірге қосымша зерттеулерді қажет ететін теория ғана. Алюминий нанобөлшектерді қолдану басқа адъюванттармен салыстырғанда вакциналардың тиімділігін арттыруы ықтимал.
Қазіргі кезде кейбір вакциналарда алюминий гидроксиді қолданылады. Бұл тұз және ол нанозат болып саналмайды.
Алюминий тұздары 70 жылдан астам уақыт бойы вакциналарда адъювант ретінде қолданылып келеді. Олар иммундық реакцияны күшейтуге мүмкіндік береді.
Вакциналардағы алюминий гидроксиді қауіпсіз және ми мен басқа ішкі мүшелерге зақым келтіре алмайды.
Вакциналарда қолданылатын адъюванттардың Альцгеймер ауруының дамуына ешқандай қатысы жоқ. Бұл ауру вакциналар өндірісінде адъюванттар қолданылғанға дейін анықталып, сипатталған.
Альцгеймер ауруының вакцинациямен байланысы туралы барлық теориялар сенімсіз дереккөздерде жарияланған ойдан шығарылған және спекулятивті ғылыми мақалаларға негізделген.
Айта кетейік, алюминий тұздары барлық вакциналарда бірдей болай бермейді. Мысалы, COVID-19-ға қарсы ресейлік «Спутник-V» препаратының құрамында мұндай адъювант жоқ.
Қорыта айтқанда, миды зақымдайтын алюминий нанобөлшектер туралы хабарламалар ойдан шығарылған. Мұндай компоненттер бүгінде тек зерттеу сатысында және қолданылмайды. Қазіргі уақытта қолданылып жүрген алюминий гидроксиді нанозат болып саналмайды және кейбір вакциналарда ғана болады. Сондай-ақ, ол ішкі ағзаларға зақым келтірмейді және Альцгеймер ауруын тудырмайды.