Фейк: «Антиденелер ағзаны аурудан қорғамайды»
Қазақстандықтар австралиялық дәрігер Арчи Калокериностың антиденелер ағзаны аурулардан мүлдем қорғамайды, ал вакциналарды қолданудың ғылыми негіздемесі жоқ деген тұжырымын талқылауда. Бұл қорытынды дұрыс емес.
Доктор Арчи Калокеринос вакцинацияға қарсы көзқарастарымен белгілі. Оның айтуынша, вакциналар адамзатты жоюға бағытталған, ал ДДСҰ-ның құпия міндеті – планетадағы барлық адамдардың геноциді. Дәстүрлі дәрі-дәрмек қабылдау мен иммунизацияның орнына ол барлық ауруларды С дәруменімен емдеуге шақырады.
Шын мәнінде, антиденелер ағзаны аурудан қорғайды. Бұл вакциналарға ғана емес, сондай-ақ қызамық пен шешек сияқты кейбір ауруларды жұқтырғаннан кейінгі жағдайға да қатысты. Оларға қарсы антиденелер ағзада бір рет және өмір бойына қалыптасады, демек, бұл аурулармен адам бір рет қана ауырады.
Антиденелер XIX ғасырдың соңында зерттеле бастады, ғалымдар Китасато Сибасабуро мен Эмиль Адольф фон Беринг дифтерия мен сіреспе токсиніне қарсы антиденелердің әсерін сипаттады. Содан бері антиденелерді зерттеу тоқтаған жоқ.
Құрамында белсенді емес вирус немесе оның бөліктері бар вакциналар ағзада антиденелердің қалыптасуына әсер етеді. Бұл зерттелген және ғылыми дәлелденген процесс.
Сонымен қатар, тарихта вакциналардың әсері бар және індетті тоқтатуға септігін тигізетініне бірқатар мысал келтіруге болады. Мәселен, табиғи шешекке қарсы вакцинация осы аурудың бірнеше ірі ошағын тоқтата алды.
Сонымен қатар, вакцинация сіреспе, полиомиелит, көкжөтел, қызылша және т.б. аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді едәуір төмендетуге мүмкіндік берді. Демек, доктор Арчи Калокериностың мәлімдемесін сенімді деп санауға болмайды. Оның тұжырымдары дәлелді ғылымға қайшы келеді.