Fake News

Дәлелсіз: «Анасы COVID-19-ға қарсы вакцина салдырғаннан кейін нәресте көз жұмған»

Telegram-чаттарда қайтыс болған бес айлық бала туралы ақпарат тарады. Пайдаланушылардың хабарлауынша, ол COVID-19 қарсы вакцинаның компоненттерімен уланған, себебі анасы бірнеше күн бұрын екпе салдырған екен. Хабарламада бұл заттар сәби ағзасына сүт арқылы берілгені айтылған. Бұл ақпарат дәлелсіз.


Баланың қайтыс болғаны туралы хабарламада сәйкессіздіктер көп. Хабарламаны Caitlyn RN деген лақап атпен бір қыз өзінің Facebook парақшасында жариялаған (қазір хабарлама жойылды). Ол денесіне бөртпе қаптаған баланың фотосуретінің астына Линдси вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін баланың бүкіл денесіне бөртпе шыққанын, оны ауруханаға жатқызғанда өте сирек кездесетін қан ауруы – тромботикалық тромбоцитопениялық пурпура (ТТП) анықталғанын жазған. «Әр түрлі емдеуге» қарамастан, бала қайтыс болған. Бұл ретте мәтінде нақты деректер көрсетілмеген: ананың аты-жөні, қала мен аурухананың атаулары жоқ. Парақшадағы хабарламаның өзі ағымдағы жылдың 17 наурызында жарияланған.
Кейіннен, 31 наурызда Caitlyn RN парақшасында тағы бір хабарлама шығады, онда денесі бөртіп кеткен баланың суретінің қайтыс болған нәресте туралы хабарламаға қатысы жоқ екендігі айтылған. Ол өз постында денесіне бөртпе шыққан басқа баланың суретін қолданылғанын айтады.
Бұдан басқа да оғаштықтар бар: анасының емшек сүтімен уланған баланың қайтыс болғаны туралы ақпарат VAERS жүйесінде тіркелді. Бұл вакцинаның барлық ықтимал жанама әсерлерін бақылауға және тіркеуге арналған пассивті платформа. Деректерді адамдар енгізеді, бұл ретте жүйе қандай да болмасын реакцияның бар екенін немесе оның вакцинациямен байланысы туралы дәрігердің растауы болып табылмайды. Жүйеде хабарлама қалдырған адамдар іс жүзінде вакцинацияланған ба, жоқ па, тексерілмейді. Сонымен қатар, VAERS жүйесінде қалдырылған жалған есеп федералды заңнаманы бұзу болып саналады және ол үшін айыппұл немесе түрмеге қамау жазасы қарастырылған.
Қайтыс болған сәби туралы есеп ағымдағы жылдың 4 сәуірінде жүйеге енгізілген. Бұл ретте, «қайтыс болған күні» бағанында Facebook-тегі постта хабарланғандай, 17 наурыз емес, 20 наурыз көрсетілген. Демек, пайдаланушылар қайғылы жағдай туралы ол орын алғанға дейін білген.
Сондай-ақ, есепте баланың анасы 2020 жылдың 17 наурызында Pfizer-BioNTch шығарған вакцинаны салдырған деп айтылған. Бұл мүмкін емес, өйткені препарат адамдарда 2020 жылдың мамыр айында ғана сынала бастады.
VAERS-ке арналған есепте қайғылы жағдай болған мемлекет те, қала да көрсетілмегені маңызды. Кестеде баланың ауруханаға жатқызылғаны туралы мәліметтер бар, бірақ оған қандай ауруханада көмек көрсетуге тырысқаны айтылмаған.


Бүгінгі таңда АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасы да, Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да вакцинацияланған ананың емшек сүтімен уланғаны туралы ақпаратты растаған жоқ.

Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, мұндай жағдайдың болуы екіталай. Керісінше, америкалық емшекпен емізу академиясы өзінің ресми сайтында «лактация кезінде вакцина липидінің қанға еніп, кеуде тініне жетуі екіталай. Егер солай болса, онда нанобөлшек немесе мРНҚ сүтке өтуі мүмкін емес. Бұл мүмкін емес жағдайда, егер сүтте мРНҚ болса, оны бала сіңіреді және биологиялық әсердің болуы екіталай» деп жазылған. 
Сент-Луистегі Вашингтон университетінің медицина мектебі мамандарының хабарлауынша, COVID-19 вакцинасын алғаннан кейін ағзада қалыптасатын антиденелер емшек сүтінде де болады.
«Біз антиденелердің бұл түрлері баланың аузы мен жұтқыншағын жауып, емген кезде нәрестені аурудан қорғайтынын білеміз. Осылайша, емшек сүтімен емізу кезінде вакцинация ананы қорғап қана қоймайды, сондай-ақ баланы да бірнеше ай бойы қорғай алады», – дейді акушерлік және гинекология кафедрасының доценті, емшек сүтімен емдеудің әсері туралы зерттеудің авторы, доктор Джинни Келли.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button