Fake News

Фейк: «AstraZeneca вакцинасында маймыл шешек вирусы бар»

Әлеуметтік желілерде британдық-швед AstraZeneca фармацевтикалық компаниясының COVID-19 қарсы вакцинасында маймыл шешек вирусы бар деген жаңалық тарады. Мұны бәрі білген, сонда да үндемеген. Конспирологтар өз сөзін растау үшін екпенің құрамын келтіреді. Шындығында, бұл ақпарат – фейк.

AstraZeneca – пандемия кезінде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина әзірлеген компаниялардың бірі. Ол Vaxzevria немесе Covishield деп аталады.  Егуді халық арасында Оксфорд вакцинасы деп атайды, себебі AstraZeneca оны Оксфорд университетімен бірге жасаған. Оның құрамы мүлдем құпия емес. Екпенің құрамындағы ингредиенттермен әлі де танысуға болады. Өндіруші кез келген вакцинада болатын жанама әсерлерді де жасырған жоқ.

Vaxzevria вакцинасының белсенді компоненті – генетикалық түрлендірілген ChAdOx шимпанзе аденовирусы. Алайда, оның маймыл шешегіне қатысы жоқ.

Рединг университетінің вирусология профессоры Ян Джонстың айтуынша, AstraZeneca вакцинасында қолданылатын вирус мутацияланған аденовирус болып табылады. Ол вакцинаның белсенді заттарын адам жасушаларына тасымалдау үшін қажет. Оның өзі адамдардағы жасушаларда өспейді, көбеймейді және инфекция тудырмайды.

Негізінде, шимпанзе аденовирусы әдетте жануарларда суық тиюді тудырады. Бірақ ғалымдар гендік инженерияны қолдана отырып, оны вирустың зиянсыз түріне айналдырды. Бұл адамдар үшін мүлдем қауіпсіз.

Оның үстіне, шимпанзе маймыл емес. Олар гоминидтер деп аталатын сүтқоректілер тұқымдасынан шыққан. Гоминидтерге бонобо, орангутан, горилла және адам жатады. Шимпанзенің маймылдан бірнеше айырмашылығы бар. Шимпанзеде құйрық жоқ, бойы маймылдан ұзын. Ең ірі маймыл 91 см-ден аспайды, ал шимпанзенің бойы 170 см-ге дейін жетеді. Ғалымдардың айтуынша, шимпанзе мен адамның ДНҚ-сы 96-99% ұқсас. Ал маймыл мен адамның ұқсас гені 93%-дан аспайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Mpox (маймыл шешегі) – бұл маймыл шешек вирусынан туындаған вирустық ауру. Оны ауру адаммен немесе ауру жұқтырған жануармен байланысқанда, сондай-ақ ауру жұққан материалдар арқылы жұғады.

Маймыл шешегін тек маймыл шешек вирусы ғана тудырады. Ал шимпанзе маймыл емес. Демек, AstraZeneca-ның COVID-19 қарсы вакцинасындағы ChAdOx шимпанзе аденовирусы адамда маймыл шешегін тудыра алмайды. Бұл барлық ғылыми дәлелдерге қайшы келеді.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button