Фейк: «Вакцинацияны ұсына отырып, сізге қастандық жасайды»
Қазнетте «құқық қорғаушы, психолог-перинатолог және адамның негізгі денсаулығы бойынша маман” Жанна Цареградская бейнеролигі таратылуда. Оның айтуынша, кез келген вакцина өлімге әкелуі мүмкін, яғни дәрігерлер сізге вакцинацияны ұсына отырып, қастандық жасайды. Сондай-ақ ол жоспарлы екпе жасауға шақырылғандардың барлығы полицияға кісі өлтіру әрекеті туралы арыз жазуы керек дейді.
Видеода айтылған мәлімдемелер жалған.
Жанна Цареградскаяның өзі туралы қысқаша айтып өтейік. Ол жеті баланың анасы. «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу» мамандығы бойынша орта білімі бар. 1985 жылдан бері баланы тәрбиелеу мен ана болу бойынша кеңестер беріп, ағартушылық қызметпен айналысады. 1989 жылы Мәскеуде «Рожана» перинаталды тәрбиелеу және емізуді қолдау орталығын құрған. Орталық үйде босануды, көптеген медициналық процедуралар мен арбалар, памперстер сияқты күнделікті заттардан бас тартуды, сондай-ақ ұзақ уақыт емізуді насихаттады. Уақыт өте келе, «Рожанаға» барушылар Цареградскаяның коттеджіне көше бастады. Үй иесінің өзі бұл коттеджді «Рождество ертегісі» деп атауды. 2010 жылы бұрын саяжайда тұрған «Рожананың» 13 клиенті Цареградскаяның қызметтерінен бас тарту және заттарын алып кету үшін күйеулерімен бірге келеді. Алайда, орталықтың негізін қалаушының күйеуі Андрей үлкен ұлымен бірге оларға травматикалық тапаншадан оқ жаудырады. Нәтижесінде екі ер адам ауыр бас жарақатын алады. Осыдан кейін полиция тергеу жұмыстарын бастайды. 2012 жылы Андрей Цареградский адам денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені, сондай-ақ соққыға жыққаны үшін бес жыл қатаң режимдегі колонияға қамалды. Ал ұлы Пересвет 2013 жылы қыркүйекте ұсталды. Саяжайды тінту кезінде травматикалық және пневматикалық қарудан басқа, арбалеттер мен оқ-дәрілер табылды. 2013 жылы қазан айында ұйым секта деп танылып, оны құрған адам қамауға алынды. Кейіннен полиция, «Рожана» басшылығы отбасын қоғам институты ретінде жоққа шығарғанын және медициналық көмектен бас тартуды ғана емес, сонымен қатар білім алудан, жұмыс істеуден және әскери қызметтен бас тартуды насихаттағанын хабарлады. Әйелдер осы принциптерге күмән келтірген жағдайда, «Рожана» қызметкерлері психикалық зорлық-зомбылық көрсеткен, қауіп төндірген, бопсалап, клиенттерін ұрып-соққан. Бұған қоса, «Ертегіде» тұру және Цареградскаяның семинарларын тыңдау ақылы болған.
Жанна Цареградская қазір де өз теорияларымен бөліседі, көп жағдайда онлайн түрде.
Оның мәлімдеуінше, вакцинация балаға жасалған қастандықпен бірдей. Бұл олай емес. ДДСҰ-ның препаратқа байланысты орын алған өлім жағдайлары туралы вакциналардың жанама әсерлерінің пайда болу жиілігін бағалау туралы құжатында ештеңе айтылмаған.
Кіші дәрігер Стоунның «Вакциналардан болатын иммундық жанама реакциялар» атты ғылыми мақаласында АҚШ-та 100 пациенттің сынамасын зерттеу нәтижелері бойынша «Вакциналарға тіркелген реакциялардың тек 3%-ы ғана жасалған вакцинамен байланысты болуы мүмкін. Қалған жағымсыз құбылыстардың 20% байланысы болуы ықтимал, 20% байланысы болуы мүмкін деп жіктелген, ал көп бөлігі (53%) алынған вакцинамен аз байланысты немесе байланысты болмауы ықтимал ретінде жіктелген»
Сонымен қатар, ғалымдар әртүрлі елдерде алдын алуға болатын аурулардың өршуін тіркейді. Бұл статистика вакцинациялаудан бас тарту көрсеткішімен нақты байланысты.
Мысалы, 2019 жылы қызылшадан 110 мың адам қайтыс болды. Олардың барлығы екпе жасатпаған. Бұл ретте, ДДСҰ мәліметтері бойынша, қызылшаға қарсы вакцина алған адамдардың аурудан қайтыс болу ықтималдығы нөлге тең.
Қазір қолданылып жүрген вакциналардың бәрі мұқият көп сатылы қауіпсіздік тексерісінен өтеді. Олардың тиімділігі дәлелденген. Вакцинациялау аутизммен байланысты болуы мүмкін деген мифтерді жетекші мамандар бірнеше рет жоққа шығарған болатын.
Демек, вакциналауды қастандық жасауға теңестіру негізсіз және дұрыс емес. Статистикалық тұрғыдан алып қарағанда, ауыр асқынулардың болуы ықтимал және көкжөтел, сіреспе және полиомиелит сияқты алдын алуға болатын аурулардың салдарынан болатын өлім-жітім вакцинациялаудан кейінгі жанама әсерлердің пайда болу қаупінен әлдеқайда жоғары.