Манипуляция: «Тәуелсіз адвокаттар COVID-19 халықаралық трибуналына дайындалуда»
Қазнетте доктор Рейнер Фулмих бастаған адвокаттар тобы COVID-19 бойынша халықаралық трибуналға дайындалуда деген хабар тарады. Олардың пайымдауынша, пандемия өлім-жітім деңгейі жоғары вирустық ауру емес, адамзатқа қарсы жасалған қылмыс және әлемді басып алу жоспарының бөлігі. Алдағы уақытта болатын трибунал туралы хабарламалар – манипуляция.
Германиялық адвокат, доктор Рейнер Фулмихтің «үкімет өкілдері мен ПТР тест өндірушілеріне» қарсы ұжымдық талап-арыз дайындап жатқаны рас. Бастамашының өзі дәл осы тұжырымды алға тартып отыр, бірақ ол сотталушылардың аттарын да, талап –арыз берілетін ұйымдардың атаулары да атамайды. Сондай-ақ, нақты қандай ПТР -жүйелердің өндірушілерін жауапқа тартатыны да көрсетілмеген – тек Sars-coV-2 вирусын шығаратындарды ғана ма, әлде герпес, хламидиоз және т.б. анықтауға арналған жүйелер өндірушілерін қоса алғанда, барлық өндірушілерді ме?
Сонымен қатар, талап-арыз әлі ресми түрде әлемнің бірде-бір сотына берілген жоқ. Талаптың өзі де, оның жобасы да, тым құрмағанда оның үзінділері көпшілік назарына немесе шенеуніктерге ұсынылған жоқ.
Доктор Фулмих ұжымдық талап-арыз беретінін мәлім еткен және пайдаланушыларды оған қосылуға шақырған видеоға сүйенсек, «алаяқтықтың дәлелі» негізге алған аргументтер автордың жеке пікірі болып табылады. Айта кетейік, видеоның түпнұсқасы қазір қолжетімді емес, бірақ адвокаттың ұқсас сөздерін желіден табуға болады. Белсенділер роликті бірнеше тілге, соның ішінде орыс тіліне аударған.
Заңгер карантиндік шектеулер мен ПТР-тестілеудің мағынасыздығы туралы айтады. Алайда екеуінің де тиімділігі бірнеше рет дәлелденген болатын. Санитарлық талаптарды сақтау және SARS-coV-2 вирусының болуын нақты полимеразды тізбекті реакция әдісімен анықтау бойынша ұсыныстарды ДДСҰ мен ауруларды бақылау орталығы қолдайды.
Осыған сүйене отырып, сот, әсіресе халықаралық трибунал туралы айту әлі ерте деп қорытынды жасауға болады. Атышулы талап-арыз әлі жазылмаған да шығар, ал бастамашы келтірген дәлелдер ғылымға қайшы болып табылады.
Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.