Фейк: «Қазақстанда бетті тану функциясы бар камералар орнатуда»
Қазнетте елімізде бетті тану жүйесі бар камералар орнатылып жатқаны туралы ақпарат тарады. Кейбір пайдаланушылар бұл идеяға үзілді-кесілді қарсы. Олар жеке мәліметтер желіде тарап кетуі мүмкін және кез келген адам оған қолжеткізе алатын болды деп қауіптенеді. Шын мәнінде, бұл олай емес.
Пайдаланушылар Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлікте қолданысқа енгізілетін FacePay жүйесі туралы жаңалыққа сілтеме жасайды. Оның жұмыс істеу принципі тұлғаларды тануға қабілетті «ақылды камераларға» негізделген. Мұндай жаңашылдық жол ақысын автобустағы камераға қарап қана жолақысын төлеуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл құрылғылар жүйеде тіркелмеген азаматтардың тұлғаларын анықтай алмайды. Әр адам дерекқорға өзін-өзі енгізуі тиіс. Ол үшін ЖСН енгізіп, Telegram-ботқа селфи жіберу керек.
Елордалық билік жүйені өткен жылдың қазан айында енгізуді жоспарлаған болатын. FacePay екі автобуста тестілік жүйеде іске қосылды. Бірақ пандемияның басталуына байланысты сынақтар аяқталмай қалды. Жүйенің осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласында да, еліміздің басқа қалаларында да қоғамдық көліктерде енгізілмеуінің де себебі осы.
Қазақстанның көшелерінде бет-әлпетті тану жүйесі бар камералар жоқ.
– Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының балансында тұлғаны тану жүйесі бар камералар жоқ. Бетті тану жүйесі енгізілмегендіктен мәліметтерді жинау жүргізілмейді, – деп хабарлады ҚР ІІМ.
Демек, Қазақстанда «ақылды камералардың» көмегімен мәліметтерді жинау бойынша ауқымды шара жүргізіліп жатыр деп алаңдауға еш негіз жоқ.