Fake News

ҚР Оқу-ағарту министрлігі күш құрылымдарының мұғалімдерге қоңырау шалуына қатысты түсініктеме берді

Қазақстанда мұғалімдерге WhatsApp арқылы белгісіз нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп жатыр. Олар өздерін Антикор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері деп таныстырады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық қауіпінің жоғары болуына байланысты барлық білім беру мекемелерін тексеру туралы өкімге қол қойған екен. Бұл алаяқтардың ісі.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Құрметті педагогтер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан барлық білім беру ұйымдарының жоспардан тыс жаппай тексерулер жүргізілетіні туралы жалған ақпараттың таралуына байланысты мынаны хабарлаймыз.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

Білім беру саласындағы бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес қатаң түрде заңнама шеңберінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылау нысандары:

  1. Біліктілік талаптарына сәйкестігін (БТС) тексеру — лицензияланатын қызмет түрлеріне қатысты жылына кемінде бір рет жүргізіледі.
  2. Барып, профилактикалық тексеру – автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде жарты жылда кемінде бір рет жүргізіледі.
  3. Бармай профилактикалық тексеру (мемлекеттік аттестаттау) – бес жылда бір рет өткізіледі.
  4. Жоспардан тыс тексерулер – азаматтардың өтініштері, құқық қорғау органдарының тапсырмалары не заңда көзделген өзге де негіздер бойынша ғана жүргізіледі.

Жеке педагогтер емес, білім беру ұйымдары бақылауға алынып, тексерілетінін атап өткен жөн.

Баршаңызды сақ болуға және тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button