Алаяқтар «көмектесуге» асығады: олар заңгер болып әрекет етеді

Алаяқтар тонап кеткен адам торығып қалады. Ол кез келген адамнан көмек сұрауға дайын: достарынан, полиция қызметкерлерінен, интернет-форумдардағы бейтаныс жандардан. Мұны алаяқтар да біледі. Олар бұл жағдайды өз пайдасына қолданады. Бұл мақалада «заңгер» алаяқтардың схемасы туралы баяндаймыз.
Схема қалай жұмыс істейді?
Бұл алаяқтық әдісі екі бөліктен тұрады.
Біріншісі – алаяқтықтың өзі. Схема әртүрлі болуы мүмкін: «банк қызметкері», «полицей» қоңырау соғады немесе «тиімді» инвестициялар және т.б. ұсынылады.
Екіншісі – «заңгерлер көмегі». Жәбірленушімен оны тонап кеткен алаяқтарға қарсы сот ісін дайындап жатқан заң фирмасының атынан біреулер байланысқа шығады. «Заңгерлер» ақшаны қайтаруға көмектесетіндерін айтады. Олар бұл істі алдағы күндері сотқа береміз, сондықтан, ұжымдық талап-арызға қосылып, заңгерлер тобының қызметтері үшін дәл қазір төлем жасау керек дейді.
Шын мәнінде не болады?
Іс жүзінде бұл «заңгерлер» – баяғы алаяқтар. Олар жәбірленушінің шарасыз жағдайын пайдаланып, одан тағы да ақша алуды көздейді.
Жалған заңгерлерді қалай тануға болады
Бірнеше белгісі:
Олар сізді өздері тауып алады.
Шынайы заңгерлер ешқашан алаяқтықтың құрбандарын өздері іздеп тауып, қызметін ұсынбайды.
- Жалған заңгерлер тек олар ғана көмектесе алады деп сендіреді.
Олар бұл іспен бұрыннан айналысып жатқанын, ақшаны қалай қайтаруды нақты білетінін айтып сендіреді. Басқа заңгерлердің көмегі тиімсіз болады деп қорқытады.
- Асықтырады.
Сіздің ісіңізді ұжымдық сот ісіне қосу үшін жеңілдік жасауға және процесті бір күнге немесе тіпті бірнеше сағатқа кешіктіруге де дайын болады. Бірақ ол үшін міндетті түрде төлем жасауыңызды сұрайды. Мұндай қысым жағдайында адам эмоцияға беріліп, алаяқтардың айласына оңай түсіп қалуы мүмкін.
- Заңгерлер төлемді банк картасына аударуды сұрайды.
Мұндай төлем заңсыз. Заң аясында жұмыс істейтін заңгер төлем жасайтын шот жібереді, төлемді POS-терминал арқылы қабылдайды немесе қолма-қол ақшамен алады, чек береді.
Егер заңгер жалдағым келсе, алаяққа тап болмау үшін не істеу керек?
- Құқық қорғаушыны өзіңіз таңдаңыз. Желідегі пікірлерді оқыңыз немесе таныстарыңыздан сенімді маманды ұсынуын сұраңыз. Өзі хабарласып, қызметін тықпалаған заңгерлермен жұмыс істемеңіз.
- Ақша төлемес бұрын келісімшартқа отырыңыз. Ең дұрысы – заңгердің кеңсесінде жеке кездесіп, ресми түрде рәсімдеу.
- Картадан картаға аударым арқылы төлем жасамаңыз.
Эмоцияға ерік бермей, сабыр сақтап, байыппен әрекет етсеңіз – жалған заңгерді тану қиын емес.
«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында осындай жалған заңгерлердің жұмысы туралы жаңа ролик шықты. Онда алаяқтардың қалай әрекет ететіні көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен адамдар алданып қалмас үшін жиі кездесетін алаяқтық схемалары туралы бірнеше бейнеролик түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми Youtube арнасында жарияланып отырады.