Фейк: «Феминизм – бұл салықтық бақылау мен бала кезден манипуляция жасауға бағытталған Рокфеллерлердің қастандығы»

Instagram-да феминизмді Рокфеллерлер ойлап тауып, қаржыландырды деген теория айтылуда. Олардың екі мақсаты болған екен – әйелдерге салық салу және туғаннан адамдардың миын жеп, ықпал ету. Бұл жалған.
Ежелгі заманнан бері әлемде әйелдердің құқықтары айтарлықтай шектеліп келді. Мысалы, ортағасырлық Еуропада әйелдерде мүлікке иелік ету, оқу немесе қоғамдық өмірге қатысу құқығы болмаған. ХІХ ғасырдың аяғында Францияда әйелдер көпшілік алдында басын жауып жүруге тиіс болды, ал Германияның кейбір бөлігінде күйеуі әйелін сатып жібере алатын.
Феминизмнің негізгі мәні – жыныстардың саяси, экономикалық, әлеуметтік теңдігі. Батыста қозғалыс Рокфеллер әулеті шыққанға дейін пайда болған.
1622 жылы француз жазушысы Мари де Гурне гендерлік теңдікті жақтаған «Ерлер мен әйелдердің теңдігі» атты еңбегін жариялады. Оның отандасы, жазушы Олимпия де Гуж 1791 жылы «Әйелдер мен азаматтардың құқықтары туралы декларация» атты кітабын шығарды. Ол әйелдерді ер адаммен тең әрі оның серіктесі деп мәлімдеді.
Одан кейінгі жылы ағылшын жазушысы Мэри Уолстонкрафттың «Әйелдер құқығын қорғау» атты новаторлық трактаты жарық көрді. Феминист әйелдер мен ерлерге білім беруде, жұмыста, саясатта, некеде тең мүмкіндіктер беруді ұсынды.
«Әйелдер табиғатынан ерлер сияқты рационалды. Егер ақымақ болса, бұған қоғам оларды қажетсіз болуға үйреткендіктен ғана», – деп жазды ол.
«Феминизм» сөзінің өзі Рокфеллер әулетінің негізін қалаушы дүниеге келгенге дейін пайда болған. Оны алғаш рет 1837 жылы француз философы Шарлем Фурье енгізген.
Ал бірінші атақты Рокфеллер – Джон Дэвисон Рокфеллер – 1839 жылы туған. 1913 жылы оның қоры құрылды. Джон Д. Рокфеллердің Standard Oil компаниясының байлығы қайырымдылық жобаларда қолданыла бастады. Олардың бірі – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету.
Феминизмді Рокфеллерлер салықтық бақылау мен айла-шарғы жасау үшін ойлап тапты деген кең таралған теория – фейк. Ол жыныстық теңдік қозғалысы ретінде үлкен Рокфеллер туғанға дейін пайда болған. Ерлер мен әйелдердің теңдігі туралы алғашқы идеялар XVII-XIX ғасырларда шыққан. Рокфеллерлер өз кезегінде ХХ ғасырда ғана қайырымдылық жобалары арқылы гендерлік теңдікті қолдаумен айналыса бастады.