Фейк: «Алаяқтар жол бойында жүргізушілерді тоқтату үшін түрлі айла-амалдарды қолданады»
Қазнетте жолдарда алаяқтар әрекет ететіні туралы ақпарат белсенді таралуда. Күндіз олар жүргізушілер тоқтап, көліктен шығуы үшін жолдың жиегіне балалар креслосын қояды, ал түнде көліктің әйнегіне жұмыртқа лақтырады. Содан кейін жәбірленушіні соққыға жығып, тонап, ауыр халде қалдырып кетеді екен. Бұл ескерту сенімді болып көрінгенімен, шындыққа жанаспайды.
Бұл фейк, көп тараған қорқынышты оқиға деуге болады. Ол қазақстандық әлеуметтік желілерге Ресейден, ол жаққа АҚШ-тан келген. Батыста мұндай расталмаған хабарламалар 2009 жылы тарала бастады.
Ол кезде АҚШ-та «Ұлттық бандалар апталығы» деп аталатын бағдарлама туралы ақпарат тараған. Snopes фактчекері тергеу жүргізіп, бұл ақпаратты растайтын дәлелдер таппады.
Ресейде бұл хабарламаны «Лампша медиа» фактчекері теріске шығарды.
Біздің сайт түсініктеме алу үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінді.
«Мессенджерлерде тараған жолдың жиегіне қойылған «нәресте» отырған балалар креслосы, сондай-ақ көлікті тоқтату үшін оның алдыңғы әйнегіне жұмыртқа лақтыру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
ІІМ әлеуметтік желілерді пайдаланушыларға БАҚ немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырамыз», – делінген ведомствоның ресми хабарламасында.