Жасырыну шеберлері: алаяқтар ірі брендтердің атын жамылады
Бәрімізге де белгілі бренд атынан бір рет болсын сыйлықтар немесе төлемдер туралы хабарлама келген шығар. Бағалы сыйлық алу үшін сауалнамадан өтіп, белгілі бір сілтемені ашу немесе жай картаңыздың нөмірін теру керек болды. Көбінесе бұл алаяқтардың ісі. Оларды қалай танып, қауіпсіздік сақтауға болатыны жайлы айтып берейік.
Осындай хабарламаларды шартты түрде үш санатқа бөлуге болады. Олардың әрқайсысына егжей-тегжейлі тоқталып, мұндай ұсыныстардың шынайылығын қалай тексеруге болатынына қатысты кеңес береміз.
- Сауалнамадан өткені үшін ақша беру
Әдетте, мұндай хабарламаларда белгілі бір бренд қаржылық сыйақы үшін әлеуметтік сауалнама өткізетіні айтылады. Одан өту үшін пайдаланушыларға арнайы сайтқа кіріп, бренд туралы бірнеше қарапайым сұраққа жауап беру ұсынылады, содан кейін төлемді алу үшін карта мәліметтерін арнайы нысанға жазу керек. Шын мәнінде, төлем туралы ақпаратты енгізу арқылы сіз оны тура алаяқтарға жібересіз және ешқандай төлем алмайсыз. Керісінше, картаңыздағы бүкіл ақшадан айырылып қалуыңыз мүмкін.
Қалай тексеруге болады
Есіңізде болсын, брендтер онлайн сауалнамалар, өнімдері немесе қызметтері туралы пікірлер үшін біреуге өте сирек төлейді. Мұндай акциялар өткізілсе де, бұл туралы ақпарат компанияның ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады. Күмәнді сілтемелер бойынша өтпей тұрып және банк картасының деректерін енгізбес бұрын оларды тексеріп алыңыз.
- Ерекше датаға орай сыйлықтар сыйлау
Мұндай хабарламаларда компанияның мерейтойы немесе бренд үшін басқа бір маңызды оқиға туралы айтылады. Ұсыныста бірінші болып үлгерген жүз-екі жүз-бес жүз, т.б. адам бағалы сыйлықтар алады делінеді. Пайдаланушылардан арнайы сайтқа кіріп, өз деректерін көрсетуді сұрайды. Кемінде, бұл фишинг болуы мүмкін – онлайн-алаяқтардың жеке деректерді ұрлауы. Не болмаса, банк картасының нөмірін жазғаннан кейін ақшаңызды ұрлап кетеді.
Қалай тексеруге болады
Біріншіден, ақпаратты ашық дереккөздерден тексеру керек – аталған компания шынымен ерекше датаны атап өтіп жатыр ма?
Көбінесе алаяқтар жарнаманың шындыққа сай болуына қарамайды.
Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, брендтің ресми сайты мен әлеуметтік желілерін қарау керек. Егер компания шынымен сыйлықтар таратып, ұтыс ойынын өткізсе, бұл туралы ресми ақпарат көздерінде міндетті түрде айтылады.
- Ұлттық компаниялардан төленетін төлемдер
Осындай таратылымдардың үшінші санаты – ұлттық компаниялардан, акционерлік қоғамдардан және холдингтерден төлемдер төлеу немесе өтемақылар ұсыну. Хабарламаларда ақша алу үшін сайтқа кіріп, жеке деректерді қалдыру керек делінген. Осылайша сіз өзіңіз және қаражатыңыз туралы ақпаратты киберқылмыскерлерге бересіз.
Қалай тексеруге болады
Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпаратты зерттеу керек. Егер ұлттық компания қандай да бір жаппай төлемдер төлейтін болса, бұл туралы жаңалықтар порталдары міндетті түрде хабарлайды.
Екіншіден, жоғарыда айтылғандай, компанияның ресми сайты мен әлеуметтік желілерін тексеру керек. Егер онда төлемдер туралы ақпарат болмаса, онда таратылымға сенбеуіңіз керек.
Жалпы, белгісіз сайттарда жеке деректеріңізді енгізуге болмайтынын естен шығармаңыздар. Сайттар қорғалмауы мүмкін және ондағы деректерді алаяқтар ала алады. Алаяқтық сайтты сенімді сайттан қалай ажыратуға болатындығы туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.