Жалған: «COVID-19 қарсы мРНҚ вакциналары қатерлі ісік ауруын тудырады»
Instagram-да британдық дәрігер Ангус Далглиш COVID-19 қарсы мНРК вакциналары қатерлі ісікке әкеп соғады деп мәлімдеген видео жарияланды. Бұл вакциналар шексіз уақыт әсер ететіндіктен ақуыздың өндірілуін бақылау мүмкін болмайды екен. Бұл фейк.
Постта 2024 жылғы 16 сәуірде жазылған видеодан үзінді келтірілген. Ангус Далглиш көптен бері COVID-19 қарсы екпелер қатерлі ісік ауруын тудырады деп айтып келеді. 2022 жылы ол Daily Skeptic журналында коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациядан кейін пациенттерінің жағдайы нашарлағаны туралы мақаласын жариялады. Оларда лейкемия, метастатикалық қатерлі ісік және ходжкин емес лимфома дамыған. Daily Skeptic порталында КВИ-ге қарсы вакцинация туралы жалған ақпарат көп, сондықтан оны сенімді дереккөз ретінде қарастыра алмаймыз.
Сонымен қатар, Далглиш COVID-19 індетін қытай ғалымдары ойлап тапқан деген теорияны насихаттады. Оны ғылыми қауымдастық жоққа шығарды.
COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін мРНҚ вакциналары қатерлі ісікке қарсы ем ретінде сыналды. Торонтодағы Ханшайым Маргарет онкологиялық орталығының зерттеу директоры Аарон Шиммердің айтуынша, идея «мРНҚ адамның иммундық жүйесін белгілі бір обыр жасушаларын нысанаға алуға үйрете алады» дегенге негізделген. Бұл қысқа мерзімде КВИ-ге қарсы вакцина жасауға мүмкіндік берді.
Америка Құрама Штаттарында және пандемияға дейін онкология өлімнің негізгі себептерінің бірі болды. 2021 жылы қатерлі ісікпен ауыратындардың саны артты. Бірақ мамандар мұны вакцинациямен емес, COVID-19 салдарынан науқастарды емдеудегі үзілістермен байланыстырады.
мРНҚ вакцинасы немесе ақуыз ағзада жиналатынына ешқандай дәлел жоқ. Америкалық жұқпалы аурулар қоғамының (IDSA) бағалауы бойынша, коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналар өндіретін тікенді ақуыздар бірнеше аптаға сақталады. Олар аз ғана уақыт болады, өйткені иммундық жүйе оларды анықтап, жояды.
2023 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желілерде АҚШ-тың Moderna компаниясының COVID-19 мРНҚ вакцинасы қатерлі ісік ауруын тудырады деген қауесет тарады. Мұны компанияның өзі де мойындаған екен. Фейкті көптеген фактчекерлер, соның ішінде Reuters News Agency жоққа шығарды.
Демек, Ангус Далглиштің мРНҚ вакцинасы қатерлі ісікке әкеледі деген тұжырымы шындыққа жанаспайды.