Киберқылмыскерлер Қазақстан президентінің қатысуымен тағы бір фейк видео таратты
Әлеуметтік желілерде тараған видеода Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алаяқтық схемалар салдарынан зардап шеккен азаматтарға ақшалай қаражатты қайтаруға уәде береді. Ол үшін ІІМ-мен бірлесіп «Қазақстан халқына» компаниясы құрылады екен. Бұл дипфейк.
Біз роликті дипфейктердің онлайн-детекторы арқылы тексердік. Видео нейрожелінің көмегімен жасалған. Алаяқтар Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін дыбыстаған. Бейнежазба Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан халқына үндеуі негізінде жасалған.
Президент «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды 2022 жылғы 11 қаңтарда тапсырды. Оның мақсаты алаяқтармен күресу де, алаяқтарға алданып қалған азаматтарға қаражат қайтару да емес. Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы мәселелерді шешумен айналысады.
Мемлекет басшысының ресми сайтында қазақстандықтарға алаяқтық схемалар салдарынан жоғалтған ақшаны қайтаратын бағдарлама туралы жаңалықтар жоқ.
Қаскүнемдер фишингтік сайтқа апаратын жарнаманы жасаған кезде бір ғана мақсатты көздеген – сенгіш тұрғындардың ақша қаражатын иемдену. Күмәнді сілтеме арқылы өтіп, жеке деректеріңізді қалдырмаңыз, өйткені, нәтижесінде ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.