Жалған: «Канадада жағдайы ауыр балаларға эвтаназия жасауға рұқсат етілген»
Instagram қосымшасында пайдаланушылар Канадада жағдайы ауыр балаларға эвтаназия жасалатыны туралы жазуда. Ол үшін ата-ананың келісімі де қажет емес екен. Бұл олай емес.
Канадада эвтаназия 2016 жылы заңдастырылған. Осы елдің үкіметінің ресми порталында қайтыс болған кезде медициналық көмек көрсету (MAID) сипатталған бөлім бар.
Канаданың Қылмыстық кодексінде MAID-ке рұқсат беру қатаң реттелген, мысалы, адам ауыр айықпас аурумен ауырса, ол Канада аумағында тұрса және ерікті келісімі болса. Маңызды критерийлердің бірі – жасы. Канадада эвтаназия жасатуға кем дегенде 18 жастағы және ақыл-ой қабілеті бар адамдар құқылы. Бұл жаста адам өзінің денсаулығына қатысты саналы түрде шешім қабылдайды деп саналады. Өтініш бергеннен кейін рұқсат алу үшін көптеген процедуралар мен тексерулерден өту керек. Әр сұрауды бірнеше дәрігер қарастырады.
Канада үкіметі өлім аузында жатқанда медициналық көмекке жүгіну жасын өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. Қазір елдің Денсаулық сақтау министрлігі эвтаназияға қатысты пікірлерін білу үшін жастар, олардың ата-аналары мен қамқоршылары арасында зерттеулер жүргізуде.
2022 жылдың желтоқсанында Желіде Оттавада депрессияға ұшыраған балаларға ата-аналарының келісімінсіз эвтаназия жасау мүмкіндігі мақұлданғаны туралы ақпарат тарады. Фейк жаңалықты AFP Fact Check журналистері жоққа шығарды.
Қазіргі уақытта 18 жасқа толмаған Канада тұрғынына MAID әдісін қолдану ауыр қылмыс болып саналады. Бұл үшін өмір бойына дейін түрмеге қамау жазасы қарастырылған.