Fake News

Фейк: «Қазақстанда тек қазақ тілінде ғана сөйлеуге мәжбүрлейтін болады»

TikTok-та ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда қазақ тілі туралы айтқан сөзіне қатысты ақпарат шықты. Ол Қазақстанда барлығы тек қазақ тілінде ғана сөйлеуі керек, орыстар да оны міндетті түрде үйренуге тиіс деген екен. Бұл фейк.

Кеше, 15 наурызда Атырауда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын өткізді.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтіні akorda.kz сайтында жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл туралы былай деді: «Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық.

Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.

Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек».

Демек, әлеуметтік желілерде тараған хабарламада ұсынылған ҚР Президентінің дәйексөзі жалған. TikTok-та шыққан ақпарат – фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар

Басқа жаңалықтар

Back to top button