Фейк: «Америкалық барлау өзгеғаламшарлықтардың бар екенін мойындады»
Қазнетте АҚШ-тың ұлттық авиациялық барлау интеграциясы басқармасының жаңа логотипі талқылануда. Онда ұшатын табақ бейнеленген, яғни олар өзгеғаламшарлықтардың бар екенін ресми мойындаған. Бұл рас па? Анықтайық.
АҚШ-тың ұлттық авиациялық барлау интеграциясы басқармасының жаңартылған логотипі 2022 жылдың 25 қыркүйегінде белгілі болды. Оны бірінші болып Twitter қолданушылары байқаған (қазір X деп аталады).
Жаңа логотипте ұшатын табақ, ресейлік Су-57 ұшағы және түрік Bayraktar tb2 ұшқышсыз ұшатын аппарат бейнеленген.
Басқарманың өкілдері бірден логотипке түсініктеме берді. Олардың айтуынша, «бейресми және қате логотип қателесіп жарияланған». Ведомстводағылар логотип біреудің қалжыңы болуы мүмкін деді.
Жарияланғаннан кейін көп ұзамай ұшатын табақ бейнеленген логотип Басқарма сайтынан алынып тасталды. Қазір ол платформада жоқ. Оның орнына пайдаланушыларға ведомствоның ресми логотипі ұсынылған, онда ресейлік жауынгерлер де, ұшатын табақтар да жоқ.
Демек, америкалық барлау өзгеғаламшарлықтардың барын мойындамаған және ұшатын табақ салынған логотип біреудің әзілі болған. Ведомствоның ресми логотипінде мұндай суреттер жоқ.