WhatsApp-та Павлодар облысы Әділет департаментінің фейк хабарламасы таралуда
WhatsApp пайдаланушылары Павлодар облысы Әділет департаментінің хабарламасын таратуда. Сот орындаушыларының нұсқауымен хабарлама алушыға әкімшілік айыппұл салынады, барлық банктік шоттар мен жеке деректер бұғатталады, ҚР аумағынан тыс жерлерге шығуға тыйым салынады және ХҚКО қызметтері қолжетімсіз болады екен. Толық ақпарат алу үшін сот орындаушысына хабарласу керек. Бұл алаяқтардың ісі.
Павлодар облысының Әділет департаменті тараған ақпаратқа қатысы жоқ екенін хабарлады. Бұл – алаяқтардың айласы.
«Алаяқтар өздерін департамент қызметкерлері немесе жеке сот орындаушылары деп таныстырып, әкімшілік айыппұлды, берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлайды. Банктік шоттар, жүргізуші куәлігі және т.б. бұғатталатынын айтып, байланысуға болатын телефон нөмірін қалдырады.
Әділет департаменті дербес деректерді үшінші тұлғаларға және күмәнді интернет-ресурстарда (аты-жөні, ЖСН, мекен жайы, телефоны) хабарламауды сұрайды.
Әділет органдарының басшылығы мен қызметкерлері қоңырау шалу және SMS арқылы деректерді сұрамайды.
Сондай-ақ, көрсетілген телефон нөмірі арқылы алаяқтармен байланысудың немесе қандай да бір сілтемелер бойынша өтудің қажеті жоқ.
Алаяқтық фактілеріне тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз.
Сонымен қатар облыс тұрғындарынан қарт туыстарына интернет-алаяқтықтың қауіптілігі туралы түсіндіруді сұраймыз. Бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіздер», – делінген Павлодар облысының Әділет департаменті баспасөз қызметінің Instagram-дағы ресми парақшасында.
Әділет департаментінің қызметі туралы мәліметтерді мына телефондар арқылы алуға болады: (8-7182) 32-67-04, +7-708-466-67-15.
«Берешекті өтеуді талап еткен тұлғалардан қоңыраулар келіп түскен жағдайда, атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы өзіңізге қатысты атқарушылық құжаттың болуы немесе болмауы туралы ақпаратты тексере аласыздар (aisoip.adilet.gov.kz)», – деді департаменттің баспасөз қызметінің өкілдері.