Фейк: «COVID-19 қарсы вакцинация болашақта аутизм мен шизофренияның өршуіне әкеледі»
Қазақстандық әлеуметтік желілерді пайдаланушылар COVID-19-ға қарсы екпелерге қатысты көзқарасын айтқан доктор Рассел Л.Блейлоктың видеосын таратуда. Оның пікірінше, вакцинация болашақ ұрпақтарда аутизм мен шизофрения жағдайларының күрт өсуіне әкеледі. Бұрын аутизмнің таралу деңгейі 10 мың балағаға шаққанда 1 жағдайды құраса, 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 44 балаға 1 жағдайға дейін өскен. Бұл ақпарат – фейк.
Америкалық нейрохирург Рассел Л. Блейлок жалған ғылыми теорияларды таратушы ретінде белгілі. Бұл COVID-19 пандемиясына дейін басталған. Блейлок Кеңес одағын ЖИТС індеті және Америкада жыныстық жолмен берілетін аурулардың өршігені үшін айыптады. АҚШ Денсаулық сақтау жүйесін реформалаудың артында халықты басқарғысы келетін «элита» тұр деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, зейнеткер дәрігер химтрейлдерге сенеді. Блейлок бала кезінде инверсиялық іздердің қандай болғанын ұмытпаған екен. Қазір, оның ойынша, бәрі басқаша. Радио шоулардың бірінде ол ешқандай дәлелдерге сүйенбестен химтрейльдер тонналап наноөлшемді алюминий қосылыстарын шашады деп мәлімдейді.
Сонымен қатар Блейлок дұрыс қолданған жағдайда өмірге қауіпсіз деп танылған улы заттарды атады. Оның пікірінше, натрий глутаматы миға улы, ал аспартам – ұмытшақтықтың себептерінің бірі. Ғалымдар мұндай пікірмен мүлдем келіспейді.
2022 жылдың маусымында Рассел Л. Блейлок COVID-19 – бұл үкімет, медициналық ұйымдар және БАҚ қолдайтын алаяқтық деп айтты.
Аутизм вакцинациямен байланысты деген фейкті ойлап тапқан Блейлок емес. Ол өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында пайда болған. Бұған Эндрю Уэйкфилдтің беделді The Lancet журналында жариялаған зерттеуі септігін тигізді. Кейінірек бұл жұмыс сайттан алынып тасталды, өйткені онда жалған дәлелдемелер мен деректерді бұрмалау жағдайлары анықталды.
Ғалымдар аутизмнің вакцинациямен байланысы жоқ екенін дәлелдеді. AСБ бар вакцинацияланған балалардың саны осындай диагнозы бар егілмегендерден көп деуге негіз жоқ.
Шизофренияның да вакцинациямен байланысы жоқ. Дәрігерлер бұл аурудың нақты себебін әлі күнге дейін атай алмай отыр.
Сарапшылардың пайымдауынша, генетика, стресс, психологиялық бейімділік және қоршаған орта рөл атқарады. Ауру жасөспірім кезде жиі байқалады. Шизофренияның вакцинациямен байланысты болуы мүмкін екендігіне ғылыми дәлел жоқ.
Сондай-ақ, АСБ бар балалардың саны артты деп те айта алмаймыз. Аутизмді жеке диагноз ретінде мамандар тек 1980 жылдан бастап қана қолдана бастады. Бірақ кейін дәрігерлер бұл жағдайлардың толық спектрі екенін түсінді. AСБ термині 1994 жылы пайда болды, ал 2000 жылы психикалық бұзылыстың критерийлері қайта қаралды.
Соңғы жиырма жылда аутизмді анықтау әдістері жетілдіріліп, диагноз жиі қойыла бастады. Бірақ бұл балалар бұрын АСБ-мен ауырмаған дегенді білдірмейді.
Аутизм мен шизофрения COVID-19 қарсы вакцинациямен байланысты екендігіне де ешқандай дәлел жоқ.