Видео

Фейк: «Денге безгегін жұқтырған масаларды тікұшақтардан шашады»

Қазақстандықтар Instagram-да денге безгегін жұқтырған генетикалық түрлендірілген масаларды шашу процесі түсірілген роликпен бөлісуде. Жобаны Билл Гейтс қаржыландырып, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы аңдатпа жариялаған екен. Мұның бәрі жалған.


Бастапқыда бұл ролик Желіде 2023 жылдың 27 тамызында шыққан. Автор оны TikTok әлеуметтік желісінде жариялап, кадрлар Майамиде түсірілген деп жазған. Масалар туралы ештеңе айтылмаған. Оның орнына автор тікұшақтан не шашып жатыр деген сұрақ қояды.
Флорида медициналық энтомологиялық зертханасының энтомологы Лоуренс Ривз Associated Press порталына видеода масалар көрсетілмегенін айтты. Маманның айтуынша, масалар өте нәзік тіршілік иелері, оларды осындай биіктіктен тастаса, жәндіктердің көбі өліп, бұл шара мағынасыз болатын еді.
Сондай-ақ фактчекерлер Майамиде тікұшақ ұсынатын жеке компанияларға хабарласты. Фирмалардың өкілдері кеңінен тараған видеоны қарап шығып, кадрларда жеке гендерлік кеш түсірілген болар деген қорытындыға келді. Мұндай іс-шараның мақсаты – әлі тумаған баланың жынысын білу. Осыған орай қолданылатын ең керемет тәсілдердің бірі – кішігірім жеке ұшаққа немесе тікұшаққа тапсырыс беру, ол мереке өтетін жерден ұшып өтіп, сәйкесінше қыз немесе ұл болатынының белгісі – қызғылт немесе көк түтін шығарады. Ал видеода көк түтін байқалады.
Айта кетейік, 2022 жылы Флоридада денге безгегін тарататын Aedes aegypti түрінің генетикалық түрлендірілген аталық масалар шығарылды. Алайда, генетикалық модификация аталық масалардың өміршең ұрпақ қалдыруына жол бермеу үшін жасалды, яғни оларды шығару қауіпті жәндіктер популяциясын едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Мұндай масалар тікұшақтан емес, жерге қойылған арнайы қораптардан ұшырылады.
Билл Гейтстің бұл жобаға ешқандай қатысы жоқ және оған демеушілік жасамағанын да атап өткен жөн.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, біріншіден, видеода масаларды тікұшақтан шашу барысы көрсетілмеген. Екіншіден, 2022 жылы генетикалық түрлендірілген масалар популяцияны азайту және денге ауруын азайту үшін шығарылды. Үшіншіден, Билл Гейтстің бұл жобаға қатысы жоқ.
Демек, таралған ақпарат – фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button